eGov порталында тағы бір маңызды функция іске қосылды

eGov порталында тағы бір маңызды функция іске қосылды
Министрдің айтуынша, жаңа функция интернет алаяқтарға қарсы шара ретінде іске қосылған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев eGov порталында бір ЖСН-ге тіркелген мобильді нөмірлер санын тексеруге арналған жаңа функция пайда болғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Министрдің айтуынша, жаңа функция интернет алаяқтарға қарсы шара ретінде іске қосылған. Аталған функция eGov-та мобильді нөмірлердің заңсыз тіркелуіне қарсы күресте көмектеседі деп отыр.

- eGov-та белгілі бір ЖСН-ге тіркелген SIM-карталар санын тексеру функциясын іске қостық. Қазір eGov-қа кіріп, өзіңіздің ЖСН-іңізді енгізу арқылы қанша мобильді нөмір тіркелгенін оңай тексере аласыз. Егер көрсетілген сандар сіздің шын мәнінде пайдаланатын нөмірлеріңізге сәйкес келмесе, дереу мобильді операторға жүгініп, бұл жағдайды анықтай аласыз, – деді Мәдиев Мәжіліс кулуарында.