Америкалық телеарнаның хабарламасы негізінде Aikyn.kz танымал әлеуметтік желінің сатылуына байланысты болжамдарды талдайды.
Amazon танымал TikTok желісін оның қытайлық иелерінен сатып алу туралы Ақ үйге ресми өтініш жіберді. Компания осы аптада вице-президент Дж. Д. Вэнс пен сауда министрі Ховард Лютникке хат жолдаған. Бұл туралы келіссөздерге қатысы бар, бірақ аты-жөнін жариялағысы келмеген дереккөз хабарлады. Өйткені бұл мәселе құпия сақталуда. Алайда дереккөздің айтуынша, өтінішті тараптар байыппен қарастырмай отыр, себебі ол АҚШ тыйымының кейінге шегерілген мерзімі аяқталуға бірнеше күн қалғанда ғана берілген.
The New York Times алғаш болып хабарлаған бұл ұсыныс АҚШ-та TikTok-тың болашағы бұлыңғыр болып тұрған кезде жасалды. Егер ByteDance TikTok-тың америкалық бөлімін сату жөнінде келісімге келе алмаса, қысқа видеоларға арналған бұл қосымша 5 сәуірде АҚШ-та қайта жабылуы мүмкін. Өткен жылы заң шығарушылар сату мерзімін 19 қаңтар деп бекіткен болатын. Бірақ президент Трамп бұл тыйымның орындалуын 75 күнге шегеретін жарлыққа қол қойған еді.
Кейбір дереккөздер Трамп TikTok-тың АҚШ-тағы тағдыры бойынша шешімін осы аптада жариялауы мүмкін екенін айтуда. Сонымен қатар, AppLovin атты мобильді технологиялық компания да TikTok-ты сатып алуға қызығушылық білдірген.
TikTok соңғы уақытта TikTok Shop деп аталатын онлайн-дүкенін дамытуға инвестиция құйып, электрондық коммерцияның ірі алаңына айналды. Табысты нарығы мен 170 миллионнан астам пайдаланушысы бар TikTok желісі Amazon үшін тартымды актив екені белгілі. TikTok-тың үлгісімен Amazon да қысқа видео сервисін іске қосқан еді. Бірақ ол кейіннен жабылып қалды.
Өткен жылдың тамызында екі компания серіктестік орнатып, TikTok пайдаланушыларына өз аккаунттарын Amazon-ға байланыстырып, қосымшадан шықпай-ақ сауда жасауға мүмкіндік беретін функцияны іске қосты. Бұл мәміле ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қауіптерге байланысты заң шығарушылардың алаңдаушылығын тудырды.
Дональд Трампқа TikTok-ты сатып алуға ірі компаниялар мен миллиардерлер ұсыныспен шыққаны туралы Aikyn.kz осы жылдың 11 ақпанындағы «Бірнеше миллиардер президентке телефон шалған» атты материалында жариялады.
TikTok-тың құны оның алгоритмінің құндылығына байланысты әртүрлі бағаланады. Сарапшылардың болжамынша, егер оның бірегей ұсыну алгоритмі ескерілсе, TikTok-тың құны 300 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Ал егер алгоритмсіз болса, оның бағасы 40–50 миллиард долларға дейін төмендейді. Жуырда TikTok-тың бас компаниясы ByteDance өзін 300 миллиард долларға бағалайтынын жариялады.
АҚШ Конгресі қабылдаған заңға сәйкес, ByteDance TikTok-тың америкалық бөлімшесінің кемінде 80,1% акциясын сатуы тиіс. Осылайша қытайлықтардың компаниядағы үлесі 19,9%-дан аспауы керек. Бұл талап компанияны америкалық инвесторлардың бақылауында ұстау үшін қойылған. Сатып алушылар қатарында инвесторлар консорциумдары, атап айтқанда Andreessen Horowitz, Blackstone және Oracle секілді компаниялар қарастырылып жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.