Қазақстандағы KIA автозауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Қостанай облысындағы KIA автозауытының сериялық өндірісі 2025 жылдың қазан айына жоспарланған. Бұл еліміздегі машина жасау саласындағы ең ірі инвестициялық жоба.

Қостанай облысында еліміздің өнеркәсіп тарихындағы маңызды инвестициялық жобалардың бірі – KIA автокөліктерін шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, шетелдік тікелей инвестицияларды тартуға және машина жасау саласын дамытуға бағытталған.

Құрылыс барысымен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов және KIA компаниясының ресми өкілдері танысты. Делегация құрамында:

Со Догён – KIA Corporation (Корея) компаниясының вице-президенті, өндірістік технологиялар орталығының директоры;

Им Джэ У – KIA компаниясының Ресей және ТМД елдері бойынша президенті;

Ким Дэ Ки – KIA Qazaqstan ЖШС-ның бас директоры.

Сапар барысында делегация зауыт құрылысының барысымен, құрал-жабдықтарды монтажтау жұмыстарымен және өндірісті іске қосуға дайындық шараларымен танысты.

Жобаның негізгі көрсеткіштері
Жобаның жалпы құны – 200 млн АҚШ доллары.

Инвестициялардың 80%-ы – тікелей шетелдік капитал.

Өндірістік корпустың ауданы – 100 000 шаршы метр.

Жобалық қуаттылығы – жылына 70 000 автокөлік.

Жұмыс орындарының саны – 1 500.

Бұл – KIA компаниясының Кореядан тыс жердегі алғашқы зауыты. Кәсіпорын 68 өнеркәсіптік роботпен жабдықталып, өндірістің жоғары деңгейде автоматтандырылуын және өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Құрылыс алаңында Оңтүстік Корея мен Қытайдан келген 80 шетелдік маман жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда:

Негізгі өндірістік корпус толығымен салынды.

Шатыр жабылып, сэндвич-панельдер орнатылды.

Корея мен Қытайдан жеткізілген жабдықтардың бір бөлігі орнатылды.

Дәнекерлеу және бояу цехтарында монтаж жұмыстары жүріп жатыр.

Газ, су, жарық, кәріз және байланыс желілері секілді сыртқы инженерлік инфрақұрылым аяқталды.

Теміржол жолдары мен автомобиль жолдарының құрылысы жалғасуда (екі учаскеге асфальт төселген).

Пилоттық автокөлік жинау – 2025 жылдың шілде айына,
Сериялық өндіріс – 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.

Кадр дайындау және ілеспе жобалар:
Жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін білікті кадрларды даярлау – басты басымдық. Қостанай облысының колледждері мен жоғары оқу орындарында машина жасау саласы бойынша 5 негізгі бағытта жаңа мамандықтар ашылып жатыр:

Машина жасау технологиясы

Автоматтандыру және басқару

Машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету

Қара металлургия

Токарь ісі.

Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттер тәжірибеден нақты өндіріс алаңдарында өтуде.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта TEHNOPARK KZ ЖШС-ның Локализациялау орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл орталық автокомпоненттерді өндіретін болады және оның өнімдері отандық автозауыттардың, соның ішінде KIA зауытының қажеттіліктеріне бағытталады.

Аталған жоба Қостанай облысын Қазақстанның машина жасау орталығы ретінде дамытуға тың серпін беріп отыр. Бұл – тек инвестиция мен технология ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындары, заманауи өндірістік дағдылар және экономиканың тұрақты өсуінің негізі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.