Онда сенаторлар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Палата депутаттары «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімге және Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Заң арқылы енгізілген өзгерістердің қатарында Еуразиялық топты жүргізу нысанасы ретінде қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылмен тең дәрежеде жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерін толықтыру жөнінде норма да бар. Одан бөлек, іргелі ұғымдар мен терминдерді қолданыстағы халықаралық стандарттарға сәйкес өзектендіру, қосымша жұмыс форматтарын құру мен олардың жұмыс істеуін регламенттеу, сондай-ақ Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру мен орындау тәртібін жетілдіру және басқа да бірқатар шара көзделген.
«Қаралған заң Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың құжаттарына бірқатар түзету енгізуді көздейді. Бұл түзетулер ұйымға мүше мемлекеттердің қаржы жүйелері мен экономикаларын қорғауға бағытталған бірлескен қызметін жетілдіруге арналған. Жалпы, заң ФАТФ аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді көтерді.
Газ қауіпсіздігі мен лифт қауіпсіздігі: апаттардың алдын алу үшін бақылауды күшейту қажет
Бекбол Орынбасаров газ және лифт шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапкершілігін арттыру қажет екенін айтты.
Сенатор Бекбол Орынбасаров өз депутаттық сауалында қазақстандықтардың күнделікті бетпе-бет келетін қауіп-қатерлері туралы айтты. Ол газ және лифт шаруашылығындағы проблемаларға назар аударды.
Сенатордың айтуынша, газды тасымалдау мен пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оның міндетті түрде одоризациядан өтуі қажет. Алайда қазіргі уақытта бұл процесс тиісті бақылаусыз қалуда, ал жергілікті атқарушы органдардың оны жүзеге асыруға қажетті ресурстары мен біліктілігі жетіспейді.
«Табиғи газдың сыртқа кетіп жатқандығын анықтайтын «құрылғы» қарапайым халықта мүлдем жоқ. Сондықтан одоризацилану шарасы жүргізілмесе, оны анықтау мүмкін емес. Осындай олқылықтың салдары қандай жағдайға әкеліп жатқандығы бәрімізге мәлім. Мысалы, 2023 жылы 11 желтоқсанда Қостанай облысында, 2023 жылы 17 сәуірінде Жаңаөзен қаласында газ жарылып, бірнеше адам опат болды. Биылғы жылдың 2 наурызында Маңғыстау облысында жеті адамнан тұратын отбасы, оның ішінде бесеуі кәмелетке толмаған, көміртегі тотығымен уланып, барлығы сол жерде қайтыс болды. Мұндай апатты жағдайлар жыл сайын орын алуда», – деді сенатор мәселенің өзектілігін атап өтіп.
Сонымен қатар сенатор лифт шаруашылығының қауіпсіздігі мәселесін де көтерді. Ол ескі лифтілерді пайдаланудың қауіпті екенін айтып, бұл салада бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Бекбол Орынбасаровтың пікірінше, қазіргі таңда лифт шаруашылығына бақылау орнатып, лифт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау маңызды.
«Лифт шаруашылығын монтаждауды, баптауды материалдық-техникалық базасы жоқ, кез келген кәсіпкер жүргізіп жатыр. Яғни, лифтпен ең қарапайым түсу немесе көтерілудің өзі өте қауіпті десем, артық болмайды», – деп алаңдаушылық білдірді сенатор.
Сенатордың ұсыныстары – газ және лифт шаруашылығында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапкершілігін арттыру. Ол газды әлеуметтік және тұрмыстық нысандарға жеткізу кезінде міндетті одоризация жүргізуді, лифт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа бағдарламалар әзірлеуді және тұрғын үйлердегі ескі лифтілерді ауыстыру бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.
Ғалиасқар Сарыбаев: Қазақстан халықаралық көміртегі саудасына қатысуды күшейтуі тиіс
Ғалиасқар Сарыбаев көміртегі қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін қажетті міндеттерді шешу мәселелеріне, соның ішінде экономиканы декарбонизациялау үшін инвестициялардың тапшылығына назар аударды. Депутаттың айтуынша, күрделі көміртегі жобаларын іске асыру үшін кадрлар мен технологиялардың тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты сенатор климаттық инвестицияларды қолдауды көздейтін нақты шаралар ұсынды.
Климаттың өзгеруі құрғақшылық, су тасқыны және ормандарда өрт туғызумен қатар, Қазақстан экономикасына айтарлықтай зиян келтіруде. 2060 жылға дейін көміртегі бойынша бейтарап болу жөніндегі стратегия қабылдағанына қарамастан, елімізде экономиканы декарбонизациялау мен халықаралық көміртегі саудасына тиімді қатысуға инвестиция жетіспейді. Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында шығарындылар саудасы жүйесін дамыту және ұлттық стандарттарды халықаралық талаптармен үйлестіру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Елімізде күрделі көміртекті жобаларды жүзеге асыру үшін технологиялық және сарапшы мамандар жетіспейді. Отандық бейінді жоғары оқу орындарында «Орнықты даму маманы», «Орнықты энергетика», «Климат экономикасы», «Жасыл қаржыландыру», «Жасыл технологиялар», «Климаттық дипломатия» мамандықтары бойынша кадрларды даярлау және оқыту бағдарламалары жоқ», - деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы көміртегі нарығының дамуына кедергі келтіретін негізгі кедергілерге қазба отынына тәуелді болу, орнықты даму саласындағы сарапшылардың жетіспеушілігі және заңнамалық базаның жетілмегендігі жатады. Сенатор еліміздің бірде-бір аймағында осы уақытқа дейін нөлдік шығарындылар стратегиясы жасалмағаны және кәсіпорындардың көміртегі саудасына қатысуға нақты ынталандыру жоқ екенін жеткізді.
«Шығарындылар саудасының ұлттық жүйесін одан әрі дамыту, заңнамалық реттеуді күшейту, халықаралық инвесторларды тарту және экономиканы жаңғыртудың мемлекеттік жоспарына декарбонизацияны енгізу қажет», – деді сенатор Сарыбаев.
Талғат Жүнісов мектептердің тапшылығы мәселесін көтерді
Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы мектептерде оқушылар саны тиісті шамадан тым көп екенін айтып, мәселе көтерді. Сенатор аталған олқылықты тиімді шешу және инфрақұрылымды жақсарту үшін қосымша қаржы бөлу керек екенін айтты.
Сенатор Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы мектептердің тапшылығы мәселесін өз депутаттық сауалында көтерді. Депутат өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтарының пайдалануға берілгенін, бұл мектеп орындарының жетіспеушілігін едәуір төмендеткенін атап өтті.
Алайда урбанизация, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы және көші-қон үдерістерінің нәтижесінде өңірдің жеті елді мекенінде жаңа мектептер салу қажеттілігі туындады. Жер учаскелері қарастырылғанымен, мектеп құрылысын қаржыландыру мәселесі шешілмеген күйде қалып отыр.
«Қосшы қаласында 1500 орындық жаңа мектеп салу қажет, себебі оқушылар саны 12 мыңнан асып кетті, осы орайда орталық мектептерде оқушылар орнының тапшылығы байқалады. Сол сияқты Көкшетау, Щучинск, Аршалы, Шортанды және басқа да аудандарда мектептерге деген сұраныс жоғары. Ауылдарда да жағдай күрделі, мысалы, Красный Яр ауылында мектептердің жобалық қуаты 1010 орын болса, оқушылар саны 2290-ға жеткен», – деді сенатор.
Осыған байланысты Талғат Жүнісов Премьер-Министрден үш ауысымдық оқытуды жою және мектеп орындарының тапшылығын шешу мақсатында 2025 жылы аталған елді мекендерде мектеп салуға республикалық бюджеттен қаржы қарастыруды сұрады.
Сәкен Арубаев: Су қауіпсіздігі шұғыл шешімдерді талап етеді
Сәкен Арубаев Үкіметті күрделі материалдық жағдайға тап болған ұлттық су ресурстары университетіне кешенді қолдау көрсетуге шақырды. Депутаттың сөзіне қарағанда, ескірген инфрақұрылым білім беру сапасына және ғылыми кадрлар даярлауға кері әсерін тигізеді.
Қазақстан су тапшылығы қаупімен бетпе-бет келіп отыр. БҰҰ болжамы бойынша, 2040 жылға қарай еліміздегі су ресурсының тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін. Гидротехникалық құрылыстардың тозуы, ауыл шаруашылығы саласына су беру кезінде судың 40% жоғалуы, сондай-ақ су шаруашылығында білікті мамандардың болмауы жағдайды ушықтырады. Сенатор Сәкен Арубаев Үкімет басшысының атына берген депутаттық сауалында еліміздің су қауіпсіздігін нығайту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Бұл салада жұмыс атқаратын мамандардың 70 %-да білімі сәйкес келмейтіні айтпағанда, мамандығы мүлдем жоқтары тағы бар. Жыл сайын бұл бағытта 200 жоғары, 100 техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар дайындалса, олардың тек бестен бірі ғана өз мамандығымен жұмысқа орналасады», – деді сенатор.
Сенатор Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуына және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ашылуына қарамастан, жоғары оқу орны елеулі проблемаға тап болып отырғанын атап өтті. Инфрақұрылымның ескіруі, зертхана жабдықтарының жетіспеуі, студенттер мен оқытушылардың жеткіліксіз саны маман даярлауға зор қауіп төндіріп отыр.
«Мемлекеттік тапсырыс пен гранттар санын көбейтумен шектелмей, су шаруашылығы мамандықтарына қызығушылықты арттыру, мамандарды қайта даярлау және оларды өңірлерде жұмысқа орналастыру, жалақысын көтеру бойынша жүйелі шаралар қабылдаған жөн. Оқытушылардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық өзара тәжірибе алмасу бағдарламаларын кеңейтуді жандандыру керек. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне берілген мәртебесін ескеріп, оған су құрылыстарына жобалау және сараптама жасай алатын құзыретті мекеме ретінде мүмкіндік беруді және бұл университетті Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанына бекіту мәселесін қарастыру ұсынылады», – деп атап өтті сенатор Арубаев.