Дубайда туристер мінген әуе шары құлап, екі адам қаза тапты (видео)

Дубайда туристер мінген әуе шары құлап, екі адам қаза тапты (видео)
12 адамнан құралған туристер тобы шөл үстінде, Дубай маңында әуе шарымен ұшқан.

Біріккен Араб Әмірліктерінде туристер отырған әуе шары құлап, салдарынан екі шетелдік қаза тапты. Одан бөлек, бірнеше адам жарақат алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға экскурсия кезінде болған. 12 адамнан құралған туристер тобы шөл үстінде, Дубай маңында әуе шарымен ұшқан. Жоспарланған ұшу биіктігі 1,2 шақырым болған.

- Шамамен 40 минут өткен соң шар қатты бір жаққа қисайып, күрт төмен құлап кеткен. Жерге соғылғаннан кейін себет жоғары жылдамдықпен бірнеше рет домалаған. Куәгерлердің айтуынша, кейбір жолаушылар құлаған сәтте қауіпсіздік белдіктері үзіліп, себеттен ұшып кеткен. Қалғандары қатты соққы алған, олардың үстіне шардың күмбезі құлаған, – делінген хабарламада.

Қайғылы оқиға видеоға түсіп қалған.

Апат салдарынан ер адам мен әйел адам – шетел азаматтары қаза тапты.

Жарақат алғандар ауыр және орташа ауыр халде жедел жәрдем көліктері және тікұшақтармен ауруханаға жеткізілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.