Мәжіліс жаңа Салық кодексі жобасын қарайды

Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжіліс бюросында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Келесі сәрсенбіде депутаттарға Салық кодексі және оған ілеспе са­лық салу мәселелері бойынша түзе­тулер жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады.

Салық кодексі жобасын Үкімет Мемлекет басшысының 2022 және 2023 жылдардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында берілген тапсырмаларды орындау мақсаты­мен әзірлеген. Ол 822 баптан тұрады және қазіргі Салық кодексі мен оны қолда­нысқа енгізген заңның күшін жояды.

Кодекс жобасында кейбір сала­лардағы салық төлеушілер үшін кор­поративтік табыс салығы мөлшер­лемесін саралау, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және пайданы жаңғыртуға қайта инвестициялауды ынталан­дыру мақсатымен салықтық шеге­рім­дерді кеңейту көзделген. 

Сондай-ақ салықтар мен бюд­жетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын қысқарту, барлық арнайы салықтық режимдерді оң­тай­ландыру, салық жеңілдіктерін беру жүйесін бақылау мен талдаудың жаңа тәсілдерін енгізу, қымбат мү­лік­ке, алкоголь және темекі өнім­дері­не салық мөлшерлемелерін арт­тыру ұсынылады. Салықтық әкім­шілендіруді жетілдіруге бағыт­талған басқа да бірқатар норма мен шара қарастырылған.

Ал ілеспе заң жобасы аясында 3 кодекс пен 19 заңға өзгерістер енгізу ұсынылады.

Осы күні депутаттар  қаржы на­ры­­ғын дамыту және қаржылық қыз­меттерді тұтынушылардың құқық­тарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда қарай­тын болады. Заң жобасын тал­қылау барысында депу­таттар бір­неше норма ұсынды. Атап айтқанда, тұтынушылық кепілсіз онлайн-несиелер беру кезінде «салқындату кезеңін» (жиырма төрт сағат) енгізу, сондай-ақ несие алуға алғаш рет жүгінген азаматтардың банк немесе микроқаржы ұйымының бөлімше­сіне жеке келуін міндеттеу мәселе­лері көтерілді.

Сонымен қатар азаматтардың жеке­леген санаттарына кепілсіз тұ­ты­нушылық қарыздарды тек олар­дың «электрондық үкімет» порталы арқылы ресімделген келісімінен кейін ғана беру талаптары қарас­тырыл­ған (21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтарға).

Бұдан бөлек, халық қалаулылары алаяқтық операцияларға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге бағыт­талған, оның ішінде антифрод-орта­лықтың қызметіне және қарыз алу­шы­лардың құқықтарын қорғауға байланысты бірқатар норма ұсынды.

Жалпы отырыста құқықбұзу­шылықтардың алдын алу және ғылымды қажет ететін аймақтарды дамыту мәселелері бойынша жаңа заң жобалары жұмысқа қабылданбақ.