Мұнай бағасы дәуірлеп тұрған кезеңде мемлекет салаға серпін беруді көздеп, кейбір кемшілікке көз жұма қарауға қауқарлы болатын. Дегенмен жүйені жетілдіріп, әділдік қағидаттарын нығайтатын кез жетті. Салық реформаларына қатысты жаңашыл өзгерістер енгізілмек. Бұл реформалар кәсіпкерлік ортаға, сондай-ақ экономиканың жалпы құрылымына жаңа ықпал етіп, мемлекеттік бюджетті тұрақтандыруға бағытталған. Дегенмен жаңа өзгерістер қоғамда толқыныс туғызып, қызу талқыға түсті. Қаржы жөніндегі сарапшы Айбар Олжай әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ел боламыз десек, салықтың салмағы да ауыр болатынын ұмытпау қажет екенін айтады. Салық жүйесіндегі басты өзгерістер, олардың шағын және орта бизнеске әсері, сонымен қатар реформалардың экономикалық тиімділігі туралы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Айбар мырза, сұхбатымызды мәселенің туындауына себеп болған жайттан бастасақ. Қазір салық жүйесін түбегейлі реформалауға неліктен мәжбүр болып отырмыз?
– Мемлекеттік қаржы дағдарысы деп аталады. Экономикада осындай термин бар. Бізде мемлекеттік қаржының кірісі мен шығысында үлкен айырмашылық бар. Бұл теңсіздік арасы жыл сайын алшақтап келеді. Белгілі бір уақыт аралығында бұл алшақтықтың орнын Ұлттық қор қаражаты есебінен жауып келдік. Бірақ жағдай әрі қарай осы қарқынмен кете берсе, біріншіден, біз ешқашан ҰҚ қаражатын 100 млрд АҚШ долларына жеткізе алмаймыз, екіншіден, қазір қорда бар 60 млрд қаржының өзін азайтып алу қаупі басым. Онда біз өз болашағымызға өзіміз балта шапқандай болар едік. Қазір белгілі бір қатаң шара, яғни бағытымызды 180 градусқа ауыстыру секілді шок-реформалар қабылдау қажет. Барлық реформа жүйені түп-тамырымен өзгерту арқылы ғана жүзеге асырылады. Себебі қолданыстағы Салық кодексі 2000 жылдардың басында мұнай бағасы жоғары сол кезеңге лайықталып жасалған болатын. Ол уақытта мұнай бағасы өте жоғары болғандықтан, қазынаға аса жоғары пайда әкеліп отырды. Ал кәсіпкерлердің табысынан түсетін азын-аулақ салық мөлшерін мемлекет менсінген жоқ. Сол себепті кәсіпкерлерге салмақ салудың қажеті жоқ деп танып, көптеген салықтық жеңілдік ұсынды. Сонымен қатар әлеуметтік шығын мөлшері де қазіргідей көп болған жоқ. Уақыт өте келе белгілі бір оқиғалардың салдарынан атаулы-әлеуметтік көмек енгізілді. Сол уақытта Салық кодексіне реформа жасалған жоқ. Қанша шығыс шығады, кірісті де соған теңестіру үшін салық жүйесін өзгертіп, сол сәттің өзінде-ақ халыққа түсіндірген абзал болатын. «Міне, біз атаулы әлеуметтік көмек енгіздік, сәйкесінше, оның орнын толтыру мақсатында салықты көтеруге мәжбүрміз» деген сияқты мәлімдеме жасау арқылы халықпен ортақ мәмілеге келуге болар еді. Бірақ мемлекет тағы да халық наразылығынан қорқып, бүгін жасалуы тиіс болған қадамдарды кейінге қалдыру арқылы осындай дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз.
– Кәсіпкерлер пандемия кезінде енгізілген жеңілдіктерге де бой үйретіп алған жоқ па?
– Психологияда мынадай заңдылық бар: адам қандай да бір игілікке қол жеткізген соң одан бас тарта алмайды. Оның уақытша екенін алдын ала білсе де, мерзім сәті келгенде сол игілікті қайтарып алу оған тартып алғанмен бірдей әсер қалдыра-ды. Біз де қазір осындай психологиялық парадоксты бастан кешіріп жатырмыз. Сол пандемия кезінде кәсіпкерлерге қиындықтан шығу үшін берілген жеңілдіктер де үнемі солай болуға тиіс сияқты қабылданды. Салыстыра отырып қарасақ, кей елдерде расымен де салық төмен. 1-2 пайыз мөлшерінде ғана. Бірақ сол мемлекеттер тіпті зейнетақының өзін төлемейді. Мұндай елдер өздеріне ешқандай әлеуметтік жауапкершілік арқаламайды, «өз күніңді өзің көр» деген позиция ұстанған. Сәйкесінше, азаматтарына ештеңе бермейді, олардан ештеңе алмайды. Бар-жоғы 1-2 пайыз мөлшерінде салық төлеп отырса болды. Ал Еуропа елдері сияқты 40-50 пайыз салық алатын елдердің әлеуметтік жүктемесі де сондай үлкен. Атап айтқанда, жұмыссыздық жәрдемақысы, жоғары мөлшердегі зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек секілді басқа да жеңілдіктер кездеседі. Біз Азия елдерінде кездесетін салықтық жеңілдіктерді енгізіп алып, әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары жүйенің нәтижесіне ұмтылдық. Сол себепті қазір бюджеттің тігісі сетінеудің аз-ақ алдында тұр.
– Жаңа қазіргі реформа – салық жүйесіне арналған шок терапиясы деп айтып өттіңіз. Бұл шаралардан ұзақмерзімді перспективада қандай нәтиже күтуге болады?
– Дәл қазір жасалып жатқан реформалар бізге апатты жағдайдың алдын алуға ғана бағытталған. Бұл шаралар бюджеттің кіріс-шығысын теңестірмейді. Тек 10 трлн теңге көлеміндегі алшақтықтың арасын азайтуы мүмкін. Тіпті, енгізілетін өзгерістер қазынаға 3 трлн теңге алып келген күннің өзінде бюджеттің кірісі мен шығысы септесе алмайтынын көріп отырмыз. Бұл «мұнай табысынан тыс тапшылық» деп аталады. Қазір осы көрсеткішті 7 миллионға қысқарту – басты мақсат. Соңғы уақытта мемлекет осы бюджет тапшылығын жабу үшін қарызды тым көп алатын болды. Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге аламыз, 7 трлн теңге қарыз аламыз. Республикалық бюджет – бұл біржылдық шығындар, оның ішінде жол салуға кететін, мектеп мұғалімдерінің жалақысы мен зейнеткерлердің жалақысын төлейтін қаражат. Сәйкесінше, ол бүгін ғана пайдаланатын ақша. Демек, біз бүгін тұтынған қаражатымыздың орнын бүгін толтыра алмай отырмыз. Демек, дәл қазіргі өзгерістер ұзақмерзімді перспективадағы мәселелерді шеше алмайды. Бюджеттің кіріс бөлігін көтеру үшін салықты көтерумен қатар, оның шығыс бөлігін де шектеп тастау қажет. Бірақ дәл қазір оны қысқарта алатындай қауқарымыз жоқ. Себебі бюджеттің 75 пайызы тікелей төлемдер: жалақы, зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек, стипендиялар. Сонымен қатар бұл төлемге мұқтаж адамдардың саны да күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде қазақстандықтардың қатарына шамамен жылына 350-400 мың жаңа адамдар қосылады. Оның барлығын қамтамасыз ету қажет. Жүйе күннен-күнге кеңейіп келе жатқандықтан, шығындарды қысқарту мүмкін емес. Сондықтан экономистер тарапынан әзірге жалақыны индексациялауды қоя тұрып, қазіргі шығындарды арттырып алмауға күш берген абзал деген пікірлер кездеседі.
– Осы тұста екі сұрақ туындайды. Біріншіден, бюджеттің кіріс-шығысын теңестіру үшін не істеу қажет, екіншіден, реформа жүргізу арқылы бюджеттік дағдарыстың салмағын шағын кәсіпкерлерге артып қоймаймыз ба?
– Егер салық мөлшерлемесін тым арттырса, салық төлейтін кәсіпкер қалмайды немесе олардың саны күрт азаяды. Бұл феноменді «Лаффер сызығы» немесе «салықтың кері әсері» деп те атайды. Сондықтан мұндай жағдайда теңгерімді ұстау өте маңызды. Біз кәсіпкерлерге тікелей қатысты салық – «корпоративті табыс салығы» мен «жеке табыс салығын» көтеріп жатқан жоқпыз. Оны да көтерер болса, бизнеске үлкен қауіп төнген болар еді. Ал ҚҚС бұл кәсіпкерлерге емес, ол тауар мен қызмет құнына салынады. Мысалы, кәсіпкер нарыққа шығаратын тауардың бағасы 1000 теңге болса, оған 16 пайыздық ҚҚС үшін 160 теңге қосып сатады. ҚҚС бизнестің тұралап қалмауына бағытталған адаптивті салық. Демек, бұл халыққа салынған салық дер едім. Сондықтан оның 12-ден 16 пайызға көтерілгенінің негізгі салмағы халыққа түседі. Демек, бизнес өлмейді, бірақ қымбатшылықтың қамытын киетініміз анық. Екіншісі, бұл импортқа салынған салық деп аталады. Әсіресе, біздегі тауарлардың көпшілігі – импорт. Сондықтан мемлекет, егер импортты тұтынатын болса, сәйкесінше көбірек салық төлеу қажет деген қағиданы ұстанып отыр. Ал отандық тауарларды шығарушыларға ешқандай салық салынбайды. Елімізде өнім шығарып, оны экспорттайтын кәсіпкерлер үшін ҚҚС мөлшері – 0 пайыз. Бұл жерде екі маңызды мәселені айта кетуге болады. Біріншісі, халық импортты көп тұтынған үшін сол табысынан кәсіпкер мемлекетпен бөліседі. Екіншіден, азаматтарға отандық өнім шығарумен айналысуға сигнал беріп отыр.
– Демек, осы арқылы мемлекет өңдеуші сектордың дамуына стимул беріп отыр деп айта аламыз ба?
– Иә, өйткені енді өндірушілер үшін Қазақстанда тауар шығарып, оны шетелге экспорттау өте тиімді бола түседі. Өйткені ҚҚС жоғары болғандықтан, отандық өнімдер бәсекелестігі жоғары, бағасы арзан болады. Бұл инвесторларды тартудың да бір амалы дер едім. Өйткені импорттық тауарлар үшін ҚҚС 16 ал жергілікті өнеркәсіп үшін 0 пайыз. Сонымен қатар цифрландырудың әсерінен ҚҚС экспортшыларға қайтару жолы жеңілдетілді. Осыған дейін кәсіпкер ҚҚС бірінші төлейтін, сосын оған қайтарып беретін. Қазір бұл процесс жылдам жүзеге асырылатындықтан, кәсіпкердің айналымға салатын қаражаты қалтасында болады.
– Елдегі 2,3 млн ШОБ иелерінің көпшілігі белсенді қызмет етпейді екен. Шын мәнінде, ЖІӨ үлесіндегі бұл кәсіпкерліктің рөлі қандай қазір?
– Қазір ел экономикасындағы ШОБ үлесі 20-30 пайыз аралығында. Қалғанын өңдеуші сектор, мұнай және металлургия, кен өндіру салалары құрайды. Орта бизнестің өзі ғана 7 пайызды құрайды. Қалғаны 20-21 пайыз шағын бизнес. Алдағы уақытта қазір талқыланып жатқан өзгерістер енгізілсе, осы орта бизнес өкілдері көбейетін болады. Себебі бұрынғы салық режиміне сәйкес бір бинес өзін 4 шағын кәсіп иелеріне бөліп, арнайы салық режимімен жұмыс істейтін. Нәтижесінде, 3 пайыз ғана салық төлеп, ҚҚС төлейтіндердің қатарынан да тыс қалып келді. Сондықтан статистикадағы орта бизнестің де үлесі аз болды. Енді оған бөлінудің қажет жоқ, өйткені ҚҚС шектік межесі 15 млн теңгеге түскеннен кейін екеуі де бірдей салық режимімен жұмыс істейді. Төрт жеке кәсіпкерліктің бәріне бірдей 4 бухгалтер ұстап, есеп жүргізудің қажеті қанша?! Осылайша, олар алдағы уақытта іріленіп, саны да көбейе бастайды. Сондықтан алдағы уақытта шағын кәсіптің статистикасы азайып, орта кәсіп иелері артатын болса, оған аса бір мән беріп қажет емес. Өйткені оның барлығы статистикалық ойын және бізде шын мәніндегі шағын кәсіпкерлер саны көп емес. Алдағы уақытта ешқандай салықтық оптимизация жасайтын саңылаулар қалмайды да, бәрі өз орнына қайтып келетін болады.
– Салықтан жалтару үшін бизнестің бөліну үрдісі бар екенін мемлекет қандай негізге сүйеніп айтып отыр?
– Мемлекеттік кірістер комитеті контрагенттердің желісі арқылы бұл процесті оңай анықтай алады. Мысалы, олар бір-бірімен тауар қызмет алмасу кезіндегі шот фактуралар айналымын бақылай отырып, қай бизнестің қалай бөлінгенін біліп отырады. Ірі бизнес өз тауарлары мен қызметтерін серіктестеріне (контрагенттеріне) сатады. Ал серіктестер бұл қызметтерден түскен табыстан тек 3% салық төлейді. Қалған ақшаны дивиденд ретінде қайтарады, яғни пайдасын өзара бөліседі. Осылайша, олардың қаржы айналымы ашық көрініп тұрады. Мемлекеттің қолында бұл статистиканың барлығы бар. Бірінші транзакциялар шлюзінен, екінші шот фактуралардан, үшінші актілер мен келісімшарттардың жасалуынан қарайды. Үкімет үшін бұл мәселе бұрыннан белгілі. Біздегі салықтан жалтару «есіктері» деп аталған бұл қитұрқы жүйені ірі бинес қолдана алған жоқ. Бірақ орта бизнес 20 пайыз КТС төлемей, 3 пайыз төлеп, осы салық режимін «жақсы» пайдаланды.
– Салық реформасы Қазақстан мен одақтас елдері арасында тауар айналымына қалай әсер етуі мүмкін? Қазір дүкен сөрелерінде көбіне ресейлік, беларусьтік тауарлар кездеседі.
– Қазір отандық өнімдеріміз ішкі нарықтың сұраныстарын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Белгілі бір тауар позицияларында қазақстандық өнімдер жеткілікті болса, кейбір қант, жарма, сүт және ет өнімдеріне келгенде одақтас елдердің өнімдеріне тәуелді болып отырғанымыз рас. Одан шығудың бір ғана жолы бар, ауылшаруашылық саласындағы өнеркәсіп орындары, сүт фермалары жүйесін дамыту. Бір кездері оған да басымдық бергенімізбен, өкінішке қарай, толыққанды жүзеге асыра алмадық. Әсіресе, желі ретінде дамыту үшін арнайы құрылғылар мен сүт сақтайтын цистерналар қажет болды. Сондықтан бұл индустрияны жолға қоя алмадық. Ал Беларусьте бұл индустрия мемлекеттік деңгейде жақсы жолға қойылған. Өзіміз шығарып оны сата алмай отырсақ, бұл әрине парадокс болар еді. Өзімізде өндірілетін өнімдерді де шетелден алып тұтынып отырсақ, әңгіме басқаша болар еді. Ал қазір импорттап отырған тауарлардың көпшілігі елімізде өндірілмейтін тауарлар. Кейде тіпті көрші елдерден көбірек қант, ірімшік, сүт өнімдерін экспорттауға мәжбүрміз.
– Парламент депутаттары алдағы уақытта Жаңа салық кодексінің жобасын талқылау барысында кәсіпкерлер қоғамдастығы тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар қаншалықты ескерілуі мүмкін?
– Мемлекетке теңгерімді баланс қажет. Кәсіпкерлерге салсақ, әрине, салықты төлемей, кредиттік каникулдар мен субсидиялар ала беруден ешкім бас тартпайды. Олар да ары қарай дамып, өз бизнесін барынша қорғауға әзір. Оған да түсіністікпен қараймыз. Бірақ сол секілді мемлекеттің де өзіндік мүддесі бар, ол бюджетті қалыптастыру қажет, салықты жинап оны тиімді үлестіру қажет. Сондықтан мемлекет пен кәсіпкерлер арасында сауда жүреді. Мемлекеттің де асып кетпеуі тиіс белгілі бір қызыл сызығы, межесі бар. Одан асып түсе алмайды. Кәсіпкерлердің де өзіндік ұсыныстары бар. Парламентте осы мәселе аясында сауда жүреді, қызу пікірталас пен мәлімдемелер болады. Депутаттар арасында да бизнестен келген азаматтар бар. Кәсіпкерлердің сөзін сөйлейтін партиялар бар. Олар да бизнестің жоғын жоқтап, сөзін сөйлейді. Сондықтан қоғам қызу дебатқа куә болуы мүмкін. Онсыз Парламент Парламент болмайды. Үкімет дәл осы тұста өзінің орнықты аргументін айтып халыққа, депутаттарға жағдайды толық сипаттап, түсіндіруі қажет.
– Кәсіпкерлер нақты қандай талаптар қойып отыр?
– Менің бір естігенім, ҚҚС төлейтін кәсіпкерлерге арналған шектік межені 15 миллион емес, 30-35 млн теңге көлемінде қалдыру. Бастапқыда Үкімет ҚҚС мөлшерін 20 пайызға көтеру туралы ұсыныс айтқанда кәсіпкерлер 15-16 пайызға түсіруді сұраған. Мемлекет осындай саудаласу маневрін жасау арқылы халықты өзіне тиімді шешімге үйрете алды. Биліктің қазіргі негізгі мақсаты – шектік межені төмендету арқылы бөлшектік салық төлейтін экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторын (ЭҚЖК – ред.) көбейту. Енді шектік меже 15 млн теңгеге дейін төмендесе, көптеген кәсіпкер ҚҚС төлеушілердің қатарына ілігіп қалады. Сондықтан олар міндетті түрде басқа жол іздейді. Дәл осы жерде бөлшектік салық төлейтін қызмет түрлеріне ауысуға мүмкіндік іздейді. Сол себепті бұл салық түрін төлейтін қызмет түрін 40 деп белгіледі. Депутаттар жеке кәсіпкерлік арқылы өзін-өзі асырап жүрген азаматтар ҚҚС төлеушілер қатарына ілігіп қалмауы үшін осы тізімнің жалпы санын 60-70-ке жеткізу туралы ұсыныс айтуы мүмкін. Бұл өте орынды да. Өйткені ҚҚС-тің шектік межесін төмендетудегі негізгі идея шағын кәсіп иелерін қысу емес, орта бизнестің бөлінуіне шектеу қою болатын. Сондықтан ЭҚЖК мәселесінің де тиімді шешімін табу қажет. Егер барлығын қайта осы қызмет қатарына қосып жіберер болсақ, баяғы бөлініп жүрген кәсіпкерліктер ары қарай да сол бөлінуін жалғасыра бермек. Осылайша, 4 пайыздық бөлшек салыққа ауысып алады. Нәтижесінде, біздің Салық кодексіне жасаған реформамыздан ешқандай нәтиже шығара алмауымыз мүмкін. Ең бастысы, бізге орта бизнестің бөлшектенуін тоқтатып, шағын кәсіп иелеріне де зиянымызды тигізіп алмау қажет. Парламент пен Үкімет барлығын жіті талқылап, ортақ балансты сақтайтын әділ шешім шығаруы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ДҮЙСЕН