Қазақстанда кейбір жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жаза күшейтілді

Қазақстанда кейбір жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жаза күшейтілді
Қатаң шаралар жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан немесе одан да көп арттыруға қатысты, ол үшін енді 40 АЕК көлемінде айыппұл салынып жатыр.

"Қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру көзделген, ал егер бұл әрекеттер жол апатына әкеп соқса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы көзделген. Енді қарсы жолаққа шығу жол апатына әкеп соқса, бұл үшін жүргізушілер 9 айға жүргізуші құқығынан айырылады", – дейді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Сонымен қатар, 13 наурыздан бастап көлік қозғалысы кезінде түсіргені үшін 10 АЕК айыппұл салынады. Бұл жауапкершілік жолаушыға да, жүргізушіге де бірдей болады.

"Жедел және арнаулы қызметтердің (598-бап) қозғалысына артықшылық бермегені үшін де жауапкершілік күшейтілді, айыппұл 7-ден 20 АЕК-ке дейін, ал қайталанған жағдайда 15-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылды", – деді Сұлтанбаев.

1 қаңтардан бастап интернет платформа иелері бақылайтын жеке тасымалдаушыларға қойылатын жаңа талаптар да күшіне енді.

Олар мына нәрселерге міндетті:

·         қызметін бастағаны туралы әкімдіктерге хабарлау;

·         күнделікті рейс алдындағы және рейстен кейінгі физикалық тексерістен өту;

·         көлікті күнделікті техникалық тексерістен өткізу;

·         еңбек және демалыс режимін сақтау.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.