Сіздің компьютеріңізде «есте сақтау» қабілеті бар ЖИ көмекшісі орнатылғанын білесіз бе?

Сіздің компьютеріңізде «есте сақтау» қабілеті бар ЖИ көмекшісі орнатылғанын білесіз бе?
«Есте сақтау» қабілеті бар ЖИ көмекшісі тауарлар мен билет сатып алу тапсырмаларын оңай орындайды. Сіздің қалауыңызды алдын ала біліп отырады.

Financial Times дербестендірілген Copilot көмекшісінің іске қосылғаны туралы материал жариялады. Сол материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz жаңа көмекшінің мүмкіндіктерін түсіндіріп талдайды.

AMPБилл Гейтс (негізін қалаушы), Стив Балмер (бұрынғы бас директор) және қазіргі бас директор Сатья Наделла 4 сәуірде өткен Microsoft-тың 50 жылдық мерейтойында. Фото variety.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Microsoft компаниясы пайдаланушылардың қалауын есте сақтайтын және олардың атынан әрекет ететін жасанды интеллект көмекшісінің жаңартылған нұсқасын таныстырды. Бұл компанияға миллиондаған тұтынушыларды өзіне тартып, ЖИ бойынша бәсекелестермен жарысуға мүмкіндік береді.

Сиэтлде орналасқан компания 4 сәуірде өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік шарада Copilot – дербестендірілген көмекшісі жасалғаны жарияланды. Бұл көмекшінің «есте сақтау» қабілеті бар. Ол отбасындағы туған күндер мен хобби сияқты маңызды мәліметтерді жадында сақтайды.

Microsoft-тің жасанды интеллект бағытының жетекшісі әрі Google DeepMind-тың негізін қалаушылардың бірі Мұстафа Сүлейман цифрлық көмекшінің билеттерді өздігінен брондау, тапсырыс беру және интернет-дүкендерден сатып алу мүмкіндіктерін таныстырды.

«Бұл – біз бұған дейін көрген бағдарламалардың ешқайсысына ұқсамайды. Ол әлдеқайда бай, динамикалық және келешегі зор бағдарлама», – деді Сүлейман. Сүлейман жаңа агенттік функциялардың пайдаланушының толық бақылауында қалатынын атап өтіп.

Copilot-тың жаңартылуы – Сүлейманның Microsoft компаниясына қосылғанынан бері тұтынушылық ЖИ саласындағы ең ірі қадам. Бұл компанияның OpenAI-дың өнімдеріне тәуелділігін азайту мақсатындағы стратегиялық өзгерістерімен тұспа-тұс келді.

Компания ЖИ-ді пайдалана отырып, тұтынушылар арасындағы имиджін өзгерткісі келеді. Иллюстрация microsoft.com сайтынан алынды

Microsoft-тың корпоративтік өнімдері, мысалы Microsoft 365 және Azure бұлтты қызметтері компанияның табыстылығын арттырды. Топ табысының үштен төртін осы қызметтер құрайды. Дегенмен компания ЖИ-ді пайдалана отырып, тұтынушылар арасындағы имиджін өзгерткісі келеді. Өйткені нарықта Microsoft Apple, Amazon және Google сияқты бәсекелестерінен жиі қалып қоюда.

Сүлейман Стив Балмер (бұрынғы бас директор) мен Билл Гейтс (негізін қалаушы) қатысқан іс-шарада сөз сөйледі. Екеуі де кезінде тұтынушылық нарықта қателесіп, сәтсіз жобаларға (мысалы, Zune музыкалық плеері мен Windows смартфондары) басымдық берген еді.

Қазіргі бас директор Сатья Наделла 2014 жылдың басында басшылыққа келген соң Microsoft-ты жеке компьютерлерден бұлттық технологияларға қарай бағыттады. Содан бері компания акцияларының бағасы 10 есе өсіп, шамамен 2,8 триллион долларға жетті.

Microsoft өзінің Bing іздеу жүйесін жетілдіру үшін ЖИ-ді қолданатынын мәлімдеді. Фото microsoft.com сайтынан алынды

«Windows Phone – үлкен мүмкіндік еді, бірақ пайдаланылмады. Іздеу жүйесі де солай. Microsoft бірнеше үлкен мүмкіндікті жіберіп алды. Егер Мұстафаның тұтынушылық ЖИ жобасы сұранысқа ие болса, бұл орасан зор мүмкіндіктер ашады», – дейді Madrona венчурлық қорының басқарушы директоры және бұрынғы Microsoft-тың топ-менеджері С. Сомасегар.

Сүлейман сондай-ақ Google DeepMind бөлімшесінде жасалған функцияға ұқсас подкаст генерациялау мүмкіндігін таныстырды. Сонымен қатар компания Copilot-қа пайдаланушының телефон камерасынан ақпаратты өңдей алатын жаңа «Vision» функциясын да ұсынды.

Microsoft өзінің Bing іздеу жүйесін жетілдіру үшін ЖИ-ді қолданатынын мәлімдеді. Google үстемдік етіп тұрған нарықта (ол 90% үлеске ие) Microsoft бәсекелес болуға күш салуда.

Аталған қадамдар Microsoft-тың OpenAI-мен байланысына тәуелділігіне қатысты алаңдаушылықтар айтыла басталғанда жасалуда. Copilot ішінара OpenAI модельдері негізінде жасалғанымен, бұл функция танымал ЖИ стартапының ChatGPT жүйесіндей танымал бола қойған жоқ. Microsoft жұма күні (4 сәуір) ұсынған бірнеше функция, соның ішінде «терең зерттеу», OpenAI платформасында да бар.

Microsoft-тің ЖИ бағытының жетекшісі әрі Google DeepMind-тың негізін қалаушылардың бірі Мұстафа Сүлейман цифрлық көмекшінің мүмкіндіктерімен таныстыруда. Фото watchvideonow.eu сайтынан алынды

Наделла Сүлейманды 2024 жылдың наурызында Inflection AI стартапынан шақыртты. Бұл стартапты Сүлейман 2022 жылы құрған болатын. Microsoft компаниясы Inflection технологиясына лицензия сатып алуға және оның талантты қызметкерлерін жұмысқа тартуға 650 млн доллар жұмсады.

Наделла Альтман OpenAI-дың жалпы жасанды интеллект (AGI) бағыты бойынша ауқымды жобасына Microsoft-тың қатыспайтынын мәлімдеді. 

«Біз AGI-ға жеттік деп өзімізді жарнамалау – мен үшін жай ғана мәнсіз хакерлік», – деді Сатья Наделла 2024 жылы подкастер Дваркеш Пательге берген сұхбатында.

AGI – адамнан да ақылды компьютер жасау жобасы. Бұндай бағыттан гөрі Microsoft өз технологиясын коммерцияландыруға назар аударуда. Компанияның айтуынша, жасанды интеллектпен байланысты мүмкіндіктердің көпшілігі қосымшалар арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ компания ЖИ-ге жұмсайтын инвестициялық қорын кеңейтіп, француздық Mistral мен Абу-Дабидегі G42 стартаптарын қолдады.

Бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы топ OpenAI-мен пайда бөлу келісімін және оның модельдеріне қолжетімділікті кемінде 2030 жылға дейін сақтап отыр. Microsoft-тың мәлімдемесіне сәйкес, «есте сақтау» қабілеті бар Copilot көмекшісі компьютерлерде қосыла бастайды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.