Бурабай курортын дамытуға 3,5 миллиард теңге бөлінді

Бурабай курортын дамытуға 3,5 миллиард теңге бөлінді
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді.

Премьер-МинистрОлжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту және цифрландыру жөніндегі шаралар қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының биылғы наурыз айында Ұлттық құрылтайда Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға көңіл бөлінді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аталған курорттық аймақты дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілгенін және іске асырылып жатқанын хабарлады. Жоспар өңірдің туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымын ауқымды дамытуға бағытталған.

«Жоспарға тұжырымдамалық түрде жаңа орындарды: "Ақбура" курорты, Қатаркөл және Жөкей көлдерінің айналасындағы туризм аймақтарын дамыту бойынша іс-шаралар енгізілген. 34 инженерлік және көліктік жобаларды жүзеге асырудың басымдығы айқындалды. Нәтижесінде, 400 шақырым сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелері, 116 шақырым электр желілері және 80 шақырым автомобиль жолдары реконструкциядан өтіп, салынатын болады», — деді әкім.
2025 жылы Бурабай курортын инфрақұрылымдық дамытуға 3,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде:
➤ 0,7 млрд теңге – республикалық бюджеттен,
➤ 2,8 млрд теңге – жергілікті бюджеттен.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағы еліміздегі үш туризм орталығының бірі болып белгіленді және өңірдің негізгі курорты болып қала береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.