Астанадағы тұңғыш британдық университет гранттық конкурс өткізді

Астанадағы тұңғыш британдық университет гранттық конкурс өткізді
Coventry University Kazakhstan оқу орны грантына 700-ден астам өтінім қабылданды. Британдық оқу орны сапалы деңгейде білім бере отырып, студенттердің Coventry халықаралық қоғамдастығына қосылуына жол ашады.

Астанадағы Coventry University Kazakhstan тұңғыш британ университеті 2025–2026 оқу жылына арналған гранттық конкурстың екінші кезеңін қорытындылады. Гранттық оқу бағдарламасына еліміздің барлық аймақтарынан 760 мектеп және колледж түлектері өтінім тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Coventry University Kazakhstan оқу орнына жалпы саны 760 өтінім қабылданды, олардың басым бөлігі Астана, Қарағанды, Алматы және Шымкент қалаларынан келіп түсті. Болашақ студенттер қатарында НЗМ, РФММ, БИЛ, BINOM, Haileybury Astana, Spectrum International School, Canadian International School және өзге де беделді мектептердің түлектері бар. Өтінім берушілердің көпшілігі – компьютерлік ғылымдар пәні бойынша Жәутіков олимпиадасы, республикалық информатика олимпиадасы секілді республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары.

340-тан астам абитуриент IELTS тестінен 7.0-ден жоғары балл жинаса, ал 232 мектеп түлегінің GPA көрсеткіші 5.0 баллды (тек «өте жақсы» деген бағалар) құраған. Бұл олардың жоғары академиялық білім деңгейі мен ағылшын тілін жетік меңгергендігін айғақтайды. Конкурс қорытындылары екінші кезеңге өткен абитуриенттердің эсселері бағаланғаннан кейін қосымша жарияланады.

«Компьютерлік ғылымдар» және «Бизнес» бағдарламалары бойынша гранттарға өтінім 2025 жылдың 24 ақпанынан бастап қабылданды. Конкурс екі кезеңнен тұрды. Негізгі талаптарға сәйкес, өткен академиялық жыл бойынша GPA орташа көрсеткіші 5.0 баллдан кемінде 4.0 баллға, ал IELTS емтиханының нәтижесі кемінде 6.0 баллға тең болуы тиіс. Конкурс екі кезеңнен тұрды. Екінші кезең биыл 29 наурызда Астана қаласындағы Coventry University Kazakhstan университетінде және еліміздің өзге өңірлерінде орналасқан НЗМ, БИЛ секілді серіктес білім беру ұйымдарының алаңында басталды.

«Coventry University Kazakhstan гранттары талантты жастарға халықаралық деңгейде танылған оқу бағдарламаларын, сондай-ақ алдыңғы қатарлы британ университетіндегі зерттеу және инновациялық мүмкіндіктерді ұсынады. Британдық оқу орны сапалы деңгейде білім бере отырып, студенттердің Coventry халықаралық қоғамдастығына қосылуына жол ашады. Ол студенттер тәжірибесі бойынша жылдың ең үздік университеті ретінде танылған және шетелдік студенттерге арналған әлемнің үздік 30 оқу орны қатарына кіреді», – деп атап өтті Coventry University Kazakhstan қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алистер Бартоломью.

«Гранттық конкурсты өткізу – еліміздегі дарынды жастарға қолдау көрсету мен интеллектуалдық капиталды дамыту мақсатында жасалған маңызды қадам. Бұл көрсеткіш Қазақстанда британдық білімге деген сенімнің артып келе жатқанын айқын дәлелдейді. Біз Coventry University Kazakhstan университетінің мықты әрі өршіл жастарымыз үшін таңдаулы оқу орнына айналғанына мақтанамыз. Қазірдің өзінде олардың көпшілігін әлемнің жетекші университеттері оқуға шақыруда. Талантты студенттерге көңіл бөліп, қолдау көрсеткендері үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және министріміз Саясат Нұрбек мырзаға, сондай-ақ НЗМ мен БИЛ басшылығына өңірлерде екінші кезеңді өз алаңдарында өткізуге көрсеткен қолдауы үшін ерекше алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні түлектеріміз шетелге шықпай-ақ, өз елінде сапалы британдық білім ала алады», – деп атап өтті Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.

Coventry University Kazakhstan – Астанадағы тұңғыш британдық университет. Бұл оқу орны – Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Солтүстік Ирландияға қарасты Coventry University-дің лицензияланған кампусы. Ол студенттерге британдық дипломмен расталған сапалы білімді ұсынады. Coventry University Kazakhstan «Бизнес», «Компьютерлік ғылымдар», «Халықаралық қатынастар», «Экономика және қаржы» бағыттары бойынша бакалавриат бағдарламаларын және MBA Global Business пен MBA Executive бағыты бойынша магистратура бағдарламасын ұсынады. Жақын уақытта университет өнер мен дизайн, құрылыс саласындағы басқару және өзге де болашақта сұранысқа ие бағыттар бойынша оқу бағдарламаларын кеңейтуді жоспарлауда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.