Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногор және Бұланды аудандарының әкімдеріне сөгіс жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Степногор қаласының әкімі Гайдар Касеновке қаланы абаттандыру мәселесінде жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жеткілікті деңгейде бақыламағаны үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Ал Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смаиловқа қатаң сөгіс берілді. Облыс әкімі ауданда су тасқынының алдын алу бойынша тиісті шаралардың уақытында қолға алынбағаны үшін аудан басшысын жауапқа тартты.
Айта кетейік, 7 сәуір күні еріген қар суының жолды бұзып өтуі салдарынан Ақмола облысының сегіз ауданындағы 24 елді мекен сырт әлемнен оқшауланып қалған болатын. Солардың қатарында Бұланды ауданы да бар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.