Quartz сайтының хабарламасында Tesla-ның соңғы айлардағы қиындықтары жарияланды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz, электр көліктерін шығаратын көшбасшы компанияның қиындықтарының саяси астарын түсіндіреді.
Бейжің президент Дональд Трамп енгізген жаңа баж салығына жауап ретінде қарсы шаралар қабылдады. Tesla жұма күні (11 сәуір) Қытайдағы веб-сайтынан Model S және Model X жаңа электромобильдерін үн-түнсіз алып тастады. Өйткені бұл екі модель де АҚШ-та шығарылады.
Сондықтан олар Қытай 2-3 күн бұрын жариялаған 125% мөлшеріндегі АҚШ-тан келетін импортқа салынатын кедендік салыққа ілігіп отыр.
Бұл шешім Трамп әкімшілігінің Қытайдан келетін тауарларға салынатын импорттық баж салығын 145%-ға дейін өсіргеніне жауап ретінде қабылданған.
Кедендік алымдардың көбеюі Tesla үшін тағы бір үлкен кедергіге айналды. Жаңартылған Model Y дебютінен кейінгі өсімге қарамастан, Қытайдағы жылдық сатылым наурыз айында 11,5%-ға төмендеген. Себебі BYD секілді бәсекелестер қытайлық нарықта өзінің төмен бағасының арқасында үлкен танымалдыққа ие болып, Tesla-ны ығыстыра бастаған.
Бірақ Tesla-ның Шанхайда зауыты бар. Ол жерде Model Y және Model 3 көліктері шығарылады. Bloomberg деректеріне сүйенсек, бұл модельдер Қытайда Model S пен Model X-ке қарағанда әлдеқайда танымал. Сондықтан Илон Масктің компаниясының Қытай нарығында жағдайын түзетуге мүмкіндігі бар.
Tesla Еуропада да бәсекелестікке байланысты қиындықтар көруде. Қаңтар айында, Илон Маск Трамптың екінші әкімшілігімен қарым-қатынасы тығыз бола бастағанда, Tesla-ның Еуропадағы сатылымы 44%-ға төмендеген. Ақпанда да сатылымның төмендегені белгілі болды.
Масктың Трамппен тығыз байланысына қарамастан, миллиардер АҚШ-тың Еуропаға салған кедендік баждарын сынаған.
Ақ үйдің бұндай саясатына қарсы пікір білдірген. Себебі Tesla қазір Еуропада қытайлық және еуропалық электромобильдермен күрделі бәсекеге тап болып отыр. АҚШ-та да жағдай оңып тұрған жоқ. Kelley Blue Book-тің жаңа есебінде 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Tesla-ның АҚШ-тағы сатылымы жылдық есеп бойынша шамамен 9%-ға төмендегені айтылған. Бұл уақытта елдегі жалпы электромобиль сатылымы 11%-ға артқан.
Есепте: «Егер Tesla өнім стратегиясын түбегейлі өзгертпесе, компанияның АҚШ нарығындағы үлесі азая береді», – делінген.
Жыл басынан бері Tesla-ның акциялары шамамен 35,32%-ға құлдырады. Біздің ойымызша, миллиардер Илон Маск пен президент Трамп арасындағы қарым-қатынас прагматикалық сипатта, бірақ шиеленісті болуы мүмкін. Өзінің бизнесіне тиімді болса, Маск Ақ үйдің бастамаларын қолдайды. Ол президенттің ашық одақтасына айналуы үшін Трамптың саясаты Tesla, SpaceX немесе xAI, Neuralink секілді Илон Масктің компанияларының жаһандық кеңеюіне қауіп төндірмеуі керек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.