10 жайлы мектептің құрылысы 2023 жылы басталды. Бұл мектептер 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі керек еді. Дегенмен бірнеше оқу ордасы былтыр ашылмай қалды. Яғни, бірнеше жаңа мектеп берілетін уақытынан кешігіп жатыр.
Былтыр құрылысы бітпей қалып, ашылуы биылға шегерілген жайлы мектептердің біреуі – Қарағанды қаласына, үшеуі – Бұқар жырау ауданына қарасты үш ауылға, біреуі – Қарқаралы ауданында, енді бірі Шет ауданына тиесілі.
Айта кету керек, құрылыс басталған уақытта шенділер жобадағы мектептер уақытылы қолданысқа беріледі деген болатын.
– Қазір білім ошақтарының құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде. Мерзімі мен сапасы ерекше бақылауда. Жаңа мектептер жеті түрлі талапқа сай 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 және 2 500 орындық болып, жаңа бірыңғай стандарт негізінде салынуда. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретхана, спортзалдары бар. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Заман талабына сай толықтай жабдықталады, – деген еді сол уақытта облыстың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.
Дегенмен іс басқаша. Негізінен, бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында салынуда. «Құрылыс неге созылып кетті?» деген сұрақпен «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Александр Куприенко бастаған бір топ өкіл Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылында салынып жатқан «Жайлы мектеп» құрылысына мониторинг жүргізіп қайтты. Мониторинг барысында комиссия мүшелері құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңімен танысып, олардың бекітілген кестеге сәйкестігін талдады және оны оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізді.
Тапсырыс беруші Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов 2023 жылдың шілде айында 300 оқушыға шақталған Үштөбе ауылындағы жайлы мектептің құрылысына дайындықты жеделдетуді тапсырған болатын. Сол келгенде төраға жұмылдыру бастамасының әлсіздігін атады.
Мердігер компания «Астана Көктем С» ЖШС мектеп салынатын учаскені қоршаған. Бейнебақылау камераларын орнатқан. Алайда нысанды орналастыру жұмыстарын әлі бастамаған. Samruk-Kazyna Construction басшысы мәселені шұғыл түрде шешуді міндеттеді. «Тиісті келісім жасап, жұмысты жеделдетуге рұқсат алыңыздар. Сіздер қазірдің өзінде кешігіп жатырсыздар», – деп ескертті төраға. Кейін компания жұмысқа кіріскенімен, құрылысты дер кезінде аяқтамады.
Арнайы барған делегация құрамында біз де құрылыс барысымен танысып қайттық. Қоршаудағы құрылыс паспорты да нысанның уақытылы бітпегенінен хабар беріп тұрғандай. Мұнда: «Құрылыс 2023 жылы қарашада басталып, 2024 жылғы шілдеде аяқталады» деген жазу әлі тұр.
Осы жерге келген Бұқар жырау ауданы әкімдігінің шаруашылық бөлімінің басшысы Бақтияр Жаңбырбаевтың айтуынша, жергілікті әкімдік өз міндетін толығымен атқарған.
– Негізінен, біздің ауданға қарасты Доскей, Үштөбе ауылдарында және Ғабиден Мұстафин кентінде «Жайлы мектептер» салынып жатыр. Ауданнан бюджет есебінен осы мектептерге интернет желісін тарттық, жол салдық, қазандық тұрғыздық. Былтыр кесте бойынша өз міндетімізді орындадық. Бұл мектепке де су, жылу бәрі берілді, – дейді Бақтияр Жаңбырбаев.
Үштөбе ауылындағы мектеп құрылысын мердігер «Болашақ» компаниясы бастаған болатын. Былтырғы тамыз айынан бастап бас мердігер уақытында жұмысын аяқтамаған құрылыс компаниясымен келісімшартты бұзған.
– 2024 жылдың 1 қыркүйегінде бұл мектепке оқушылар келіп, алғашқы қоңырау соғылуы тиіс болатын. Жоба басталған уақытта бас мердігер «Астана-Көктем С» серіктестігі «Болашақ» компаниясына сенім артып, құрылысты солар бастаған болатын. Дегенмен ол компания өз жұмысына салғырт қарап, дер кезінде құрылысты аяқтамады. Арадағы келісімшарт бұзылып, «Астана-Көктем С» құрылысты өз қолына алды. Мектеп биыл есігін оқушылар үшін айқара ашады дегенді сенімді түрде айта аламыз, – дейді жоба жетекшісі Еркін Айтбаев.
Бүгінде қабырғасы қаланып, төбесі жабылған мектепке су да, жарық та келіп тұр. Енді ішкі әрлеу жұмыстары басталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан, бұл жоба үш ауысымдық және апаттық мектептерді жоюға мүмкіндік береді. Олай болса Үштөбе ауылында салынып жатқан жаңа да зәулім, заманауи мектепке 300 бала үмітпен қарап отыр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы