Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қашықтықтан жұмыс істейтіндердің еңбекақысы қандай болатынын айтты. Оның айтуынша, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті. Төлем Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. «Қашықтықтан жұмысқа көшкенде, еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде азамат өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмыс атқару мүмкіндігі болады. Еңбек кодексі бойынша, оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауға міндетті және жалақысы ай сайынғы алып жүрген көлемде төленетін болады», - деді Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Еске сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды. Еске ала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының елде енгізілген төтенше жағдайға байланысты халыққа Үндеуінің толық мәтінін жариялаған болатынбыз.