Этномедиация – татулық тірегі

Астана қаласы «Достық үйінде» эт­но­с­аралық қатынастар саласындағы медиа­тивтік дағдыларды дамытуға арналған семинар-тренинг өтті.

«Этносаралық қақтығыс­тардың алдын алу және реттеу бойынша медиативтік дағды­лар­ды дамыту, келіссөз про­цесі техникасы» тақырыбын­­­дағы екі күндік се­ми­нар-трен­инг барысында Астана қаласы Қазақстан халқы  Ас­сам­блеясы Этномедиация кең­есінің төрағасы, фило­со­фия PhD докторы Сымбат Шакиров, кәсіби медиатор, заңгер, психолог Күлпаш Шал­булова әкімшілік және қыл­мыстық медиация, этнос­ара­лық даулардың алдын алу және шешу  бойынша прак­ти­калық жаттығулар өткізіп, нақ­­­ты кейстер арқылы шешім табу жолдарын көрсетті. Се­минар-тренингке Астана қа­ла­сының аудандық әкімдіктері мен Білім беру, Денсаулық сақтау, Тілдерді дамыту және мұрағат ісі, Ішкі саясат, жастар саясаты істері басқарма­лары­ның өкілдері, сондай-ақ қо­ғам­дық медиаторлар қатысты.

– Медиация – дауласушы екі тараптың өз мүдделерін қорғауда медиатордың көмегі­не жүгіне отырып, өзара келіс­іп дауларды реттеудің бала­малы түрі. Бұл салада қазір көп жұмыс атқарыл­ып жатыр, – деді Астана қаласы Этномедиация кеңесінің төр­ағасы Сымбат Шакиров.

Семинарда этносаралық қақтығыстар дамуының негізгі кезеңдері, әлеуметтік-тұр­мыс­тық жанжалдардың этно­сара­лық қақтығыстардан айырма­шылығы, оны реттеу кезінде жергілікті билік орган­дары­ның, этнос өкілдерінің рөлі сынды дәрістер оқылды. 

– Медиация – қазақ хал­қы­ның «Жеті жарғысында» кезде­сетін мемлекет және құ­қық ережелерін әдет-ғұрып заң­дары­мен реттеу тәсілімен үндес процесс. Бұл әртүрлі қақты­ғысты, дау-дамай, жан­жалды шешуге көмектеседі. Сонымен қатар этномедиация әдеттегіден түбегейлі ерекше­леніп, психо­логиялық аспекті­лерге әсер етеді. Медиацияның соттан ең басты айырмашы­лығы – ұтқан, ұтылған деген тарап болмайды, себебі олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек, – деді кәсіби меди­а­тор, психолог Күлпаш Шалбулова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар-тренинг­тің еліміздегі медиация инс­ти­тутын дамытудағы және қо­­ғам­да өзара түсінушілік дағ­ды­ларын қалыптастыру­дағы маңызы зор.

– Біздің мақсатымыз – медиация және этномедиация әдістерімен теориялық танысу ғана емес, сонымен қатар ма­ма­ндарды практикалық даяр­лау. Біз шеберлік сабақ­тарын өткізетін, нақты жағдайлармен бөлісетін және келіссөздер жүргізу дағдыларын үйрететін тәжірибелі жаттық­тыру­шы­ларды шақырдық, – деп түсін­дірді Достық үйі жанындағы «Қоғамдық келісім» ме­диа­торы, талдау және мони­торинг бөлімінің бас маманы Роза Бекишева.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ