Бас прокурор: Балаларды цифрлық кеңістікте қорғау мақсатында «SIM KIDS» жобасы іске қосылды

Балаларды қорғау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісінде жазды.

Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты екенін атап өтті.

«Осыған байланысты менің тапсырмам бойынша 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі Кешенді жоспарға кәмелетке толмағандарды интернеттегі деструктивті контенттің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар Үкіметтің қарауында», – деді Бас прокурор.

Бас прокуратура тарапынан бұл шаралар жүзеге асырыла бастады.

«Мәселен, Алматы қаласында прокуратура TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірігіп, «SIM KIDS» атты пилоттық жобаны іске қосты. Бұл – суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино және өзге де интернет-қатерлерден қорғайтын арнайы балаларға арналған сим-карта. Осы сим-картаның көмегімен ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін бақылап, зиянды сайттарға қолжетімділікті шектеп, құрылғы үнсіз режимде болса да, баласына қоңырау шала алады. Жоба ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін бұл сим-карта баршаға қолжетімді болады», – деді Берік Асылов.

Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру жұмысы алдын ала жүргізілуі тиіс.

«Бала цифрлық кеңістікте суицидке итермелейтін қауіпті ойындардан, құмар ойындарға тәуелділіктен, сондай-ақ психикасына зиян келтіретін және отбасындағы тәрбие мен құндылықтарға деген көзқарасын бұрмалауы мүмкін кез келген жағымсыз контенттен қорғалуы тиіс. Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі отбасындағы көңіл бөлуден басталады. Ересектер балалардың көңіл күйіндегі, ортасындағы және қызығушылықтарындағы өзгерістерге мұқият болғаны жөн», – деп жазды Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісінде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.