Ірі сауда нысандарына азаматтар маскамен ғана кіргізілетін болады, - деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. «Ірі сауда нысандары мынадай талаптарды сақтауы тиіс: өз аумақтарына келушілерді тек маскамен ғана жіберулері тиіс. Келушілерде маска болмаса тегін маска ұсынып, коронавирустың алдын алу бойынша жадынама таратулары қажет. Барлық кіріп-шығатын есіктерге тепловизорлар орнатулары керек», - деді Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, ірі сауда нысандары, оның ішінде азық-түлік базарлары сағат 10-нан 18-ге дейін, азық-түлік емес тауарлар сататын базарлар сағат 11-ден 17-ге дейін жұмыс істейді.