Коронавирус қаупі: Түрмелерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда
Коронавирус қаупі: Түрмелерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда
© сурет интернеттен алынды
141
оқылды
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz. «Коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында, сондай-ақ ҚАЖ органдары жеке құрамы мен пенитенциарлық жүйе мекемелерінде ұсталатын адамдардың қорғалуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта жеке құрам мен жазасын өтеп жүргендер арасында жеке гигиена ережелерін сақтау, коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілуде», - делінген хабарламада. Атап айтқанда, сотталғандар қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілген, сондай-ақ инфекциялық қадағалау шаралары күшейтілді. Коронавирус инфекциясы бойынша күдік болған жағдайда, науқасты жатқызу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай мекемелердің медициналық бөлігінде инфекциялық оқшаулағыш жабадықталды. Сонымен қатар, ҚАЖ мекемелерінде сотталғандар үшін мәдени-бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынды. Белгілі болғандай, ҚАЖ комитетінде бірыңғай call-орталық құрылды (8-(7172)-72-30-40), осы арқылы сотталғандардың жақындары мен қорғаушылары барлық сұрақтар бойынша хабарласа алады. «Бүгінде ҚАЖ мекемелеріндегі жағдай тұрақты, коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы анықталмады», - делінген комитет хабарламасында.