Батыс Қазақстанда 26 тонна медициналық қолғапты Мәскеуге апара жатқан жүк көлігінің иесі ұсталды
Шекара қызметінің ресми хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында 26 тонна медициналық қолғап тиелген автокөлік жүргізушісі ұсталды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 2029-әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Асқар Қазбековтің мәлімдеуінше, оқиға 16 наурыз күні сағат 19.30-да «Тасқала» өткізу бекетінде болған.
Қазіргі уақытта Үкімет медициналық қорғаныс құралдарын елден өзге мемлекеттерге шығаруға тыйым салған. Соған қарамастан, шекарашылар Оралдан Мәскеуге бағыт алған INTERNATIONAL жүк көлігін тексерген кезде, көліктен 26 тонна латекс қолғабы табылды.
Жүк туралы ілеспе құжаттарда 3,9 миллион дана қолғап екендігі жазылған. Бағасы – 3,666 миллион теңге. Жүк Орал қаласындағы «Торговый UNEX» ЖШС-да тиелген. «Жүк көлігін БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне тапсырылады», – деді Асқар Қазбеков.