16 наурызда еліміздегі ақша айырбастау пункттерінде доллар бағамы 450 теңгеге жетті. Ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы Ресейде де болып жатыр. Бұл жағдай халықты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сол себепті ұлттық теңгеміздің құлдырауы мен келешектегі жағдайына байланысты сарапшылар пікірін білдік. Экономика ғылымдарының кандидаты Талғат Демесіновтің айтуынша, Ұлттық банк доллар бағамы 500 теңгеге дейін жетуіне жол бермейтін сыңайлы.
– Әлемде болып жатқан экономикалық ахуалдарға, коронавирус жағдайына байланысты Үкіметтегілер мен Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев теңгенің долларға шаққандағы курсы бүгінгідей «450-500 теңгеге жетуіне жол бермейміз» деді. Ол кісілер өздерінің айтқан уәделерінде тұратын болса, мұндай жағдайға жол берілмейді, – деді сарапшы.Алайда қаржы саласының маманы Ұлттық банк доллар бағамын ары кетсе, екі аптаға дейін ғана ұстап тұра алатынын айтады. Бұл мақсатта Ұлттық банк 1-2 млрд долларға дейін сатуы мүмкін. Ал Сапарбай Жұбаев аталған жағдайдың уақытша ғана екенін және жақын арада қайта қалпына келетінін жеткізді.
– Мұның бәрі коронавирустың кесірінен болған сауданың, көлік тасымалының, қызмет көрсету жүйелерінің тоқырауымен тікелей байланысты. Жалпы, халықаралық валюта қоры 1,5-2 пайызға төмендейді деген еді. Қазіргі болжамдар бойынша 2 трлн долларға төмендеген. Қор биржасында бүгін түске дейін доллар саудасы болған жоқ. Сондықтан екінші дәрежелі коммерциялық банктер мен ақша айырбастау орындары теңге бағамын 440-қа дейін жеткізгені әлі түсініксіз. Себебі Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамы 1 долларды 405 теңге деп көрсетіп тұр. Ал еркін бағамға жібердік деген негізгі сауданың бағасы Қазақстандағы қор биржасына келіп шығуы керек еді. Ұлттық банктің де ресми бағамы биржадағы саудаға жақын болуы керек. Сол себепті бұл жағдай кешікпей анықталып, бір тоқтамға келеміз деп ойлаймын, – деді ол.
М.ХАҚНАЗАР