Соңғы деректер бойынша шетелде 4 мыңнан аса жерлесіміз саяхаттап жүр. Олардың басым бөлігі Египет, Таиланд, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктерінің демалыс орындарында екені анықталды. Коронавирустың қауіптілігіне байланысты енді олар елге қайтарылмақ. Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Өркен Бисақаевтың мәлімдеуінше, туристерді елге қайтарумен отандық екі әуекомпания айналыспақ. «Қазір осы шаруаның техникалық және қаржылық мәселелері талқыланып жатыр», – деді ол. Төтенше жағдай кезеңінде қолға алынған шаралардан отандық тур компаниялар шаш етектен шығынға батып жатыр екен. Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев: «Бүгінгі таңда туристік саланың жағдайы оңай емес. Туроператорлар шетелге шығуға шектеу қойылуына байланысты шығынға батып жатыр. Біздің есеп бойынша төтенше жағдай кезінде жалпы сомасы 2,7 млрд теңгені құрайтын 5526 адам сапардан бас тартуы тиіс», – деді.