Еліміз ашықпайды
Еліміз ашықпайды
132
оқылды
Ел жейтін еттің 95% өзімізден табылады. Қазақстанда 10 мил­лион тоннадай астық бар. Бұл ту­ралы Мәжілісте өткен «Үкімет са­ғатында» Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров жария етті. Астықты әр қазақстандыққа шақ­cақ, 540 келіден немесе 25 ке­лілік 20 қаптан келеді. Адам бір жыл ішінде де осындай астық тұтын­байды. Өткен ғасырда қазақ халқының басына түскен нәубеттерден бұрын қуаңшылық болып тұрған. Былтыр Қазақстанда бидай бітік шық­пады, астық түсімі аз болды, ауыл ша­руа­шылығы көрсеткіші құлдырады. Мысалы, 2019 жылы ауа райы қолай­сыздығынан 17,4 млн тонна ғана астық жиналды, бұл 2018 жылға қарағанда 14%-ға кем! Сондықтан депутаттар қазіргі қиын шақта халқымыздың азық-түлікпен қаншалықты қамтылғанын білу үшін Мәжіліске салаға жауапты Үкімет мү­шелерін және агроөнеркәсіп кешені өкілдерін шақырды. Аграршылар өз өнімін шетелге сатумен елігіп кеткен, нәтижесінде АӨК өнімінің экспорты 6,4%-ға артты, 3,3 мил­лиард доллар табыс тапты. Есесіне, елде азық-түлік қымбаттап, инфляция жөнінен Қазақстан Еуразиялық одақтың рекордшысы атанды.
– Бүгінде Қазақстанда 10,2 млн тонна астық бар, оның 8 млн тоннасы – бидай. Өзіміз шамамен 5,8 млн тонна астық, соның ішінде 3,8 млн тонна бидай тұтынамыз. Демек, биылғы экспорттық әлеует 3,1 млн тонна астықты құрайды. Оның 2,7 млн тоннасы – бидай. Өткен жылдан шамамен 1,3 млн тонна қалдық қалды. Елдегі бар астық халықты нанмен және нан өнімдерімен қамтамасыз етуге де, тұқым және азық-жем қорларын қалыптастыруға да жеткілікті. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 604 мың тонна көлемінен төмендемейтін қосымша астық қорын жинады, – деп сендірді министр Сапархан Омаров.
Оның байламынша, қазақстандықтар наннан ғана емес, өсімдік майынан, көкөністен де таршылық көрмеуі тиіс: егістікті әртараптандыру саясаты жүр­гізілген 9 жыл ішінде майлы дақылдар өндірісі 1,6 есеге артып, 3 млн тонна межесін бағындырған. Көкөніс-бақша дақылдарының жиым-терімі 33%-ға өсіп, 260 мың тоннадан асыпты. Картоп бар-жоғы 4,7%-ға ұлғайып, яғни 193 мың тоннаға жеткен. АШМ басшысының айтуынша, етті мал шаруашылығында да өсім байқалуда. Өткен жылы ет өндірісі 5,8%-ға артып, 1,1 млн тоннаны құрады. Бұл өсім төрт түлік санының өсуімен байланысты. Соңғы 5 жылда сиыр 7,4 млн-ға (23,3%-ға), қой мен ешкі 9,1 млн-ға (+6,6%), жылқы – 2,8 млн-ға (+45,8%) дейін көбейді.
– Еліміз өз малымыздың етімен 85%-ға қамтылған. Сиыр, қой, жылқы және шошқа еті бойынша импорт үлесі 5%-дан аспайды. Тек құс еті бойынша қиындық бар: ол бойынша импорт үлесі 44,7%. Министрлік 2024 жылға қарай отандық құс етімен 100% қамту үшін ын­та­ландыру шараларын қабылдауда, – деді министр С.Омаров.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қазақстандықтар онсыз да жеміс-көкөністі, балықты, жұмыртқаны, сүт өнімдерін тамақтану нормасынан 20% аз жейтініне, енді күйзеліс бұл проблеманы одан әрі ушықтыратынына қынжылыс біл­дірді.
«Осы орайда, бағаны тұрақтандыру, ішкі нарықты азық-түлікпен молықтыру – стратегиялық мәнге ие. Бағаның негізсіз өсуі азаматтардың тамақ са­тып алу қабілетін төмендетіп қана қой­май, олардың тұрмыс сапасын да на­шарлатады. 2019 жылы және 2020 жыл басында мемлекет бюджеттен төленетін жалақылар мен жәрдемақыларды сал­мақты өсіріп еді. Оған 5,3 триллион теңге жұмсалды. Енді оны баға қымбат­шылығы заяға кетірмегені жөн», – деді Мәжіліс вице-спикері.
Депутаттар импортқа қатысты Үкімет өкілдері ақпарынан ерекшеленетін дерек келтірді. Ішкі нарық аса қажет азық-түліктің 11 түрі бойынша шетелдік жеткізілімдерге тәуелді. Балықтың 73%-ы, ірімшіктің 49,5%-ы, шұжықтың 38%-ы, маргариннің 66%-ы, кептірілген жемістер 100%, тауық етінің 45%-ы сырттан тасылады. «Атамекен» ҰҚП мәліметінше, Қа­зақстан шетелден 81 миллион доллардың етін, 32 млн долларға макаронды, 39 млн долларға томатты,  21 млн долларға жуа тасиды. Сондықтан қалаулылар шенеунік­тердің көркем көрсеткіштеріне сыни көзбен қарау керегіне назар аудартты. Доллардың қымбаттауы елге қым­батшылық әкелді. Ірімшік бағасы кейінгі кезде 47%, сары май 50,3%, балық 42%-ға өсті.  

Айхан ШӘРІП