Дәрі-дәрмектің де бағасы өршіп тұр
Дәрі-дәрмектің де бағасы өршіп тұр
288
оқылды
Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасы әркелкі. Бұған заң да, басқасы да әсер етпей тұр. Тіпті, баға күн санап ырыққа бағынар емес. Қаңтардағы дәрі құны өткен жылғы қаңтардағыдан 5,5%-ға өскен. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда облысы мен Алматы шаһарында дәрі-дәрмек қымбат екен. Олар 2018 жылы Елбасымыз қол қойған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын көзге ілмей тұрған сыңайлы. Өйткені 2019 жылы сәуір айында күшіне енді деген заң бойынша дәрі-дәрмек бағасы мемлекет тарапынан реттелетін-ді.  

Баға қалай реттеледі?

Бұл турасында арнайы ереже бекітіліп, көтерме және бөлшек­теп сатудың нормасы мен баға көрсеткіші нақты көрсетілетін болған-ды. Фармация комитеті дәрі-дәрмек жеткізу және сату­мен айналысатын ұйымдар ере­жеге сай жұмыс істемесе, әкім­шілік жауапкершілікке тарты­лады деп сендірген. Баға белгі­леудің 4 деңгейін көрсетіп, шек­тік баға барын айтқан-ды. Баға белгілеудің сыры қандай дерсіз. Механизм бойынша дәрі-дәрмек шығаратын зауыт өзіндік құн, маржиналдылық, кіріс пен маркетингке кететін шығынды ес­кереді. Мұнымен баға бекі­мей­ді. Әрі қарай логистика, кеден, сақтандыру мен сапаны бағалау шығыны бар. Бұлар регрессивті шкала негізінде белгіленеді-мыс. Фармация комитетінің мәліме­тінше, дәрі қаншалықты арзан тұратын болса, дәріханадағы оған қосылатын баға соншалықты көп болады. Әрі елімізде шығары­латын дженерик бағасы түпнұсқа бағасынан кем дегенде 30%-ға төмен болу керек екен. Ал елдегі дәріхананың жайы белгілі. Баға тұрақсыз. Бұған соң­ғы 1-2 күнде көз жетті. Коро­на­вирус салдарынан медициналық маска алуға, антисептик сеуіп, жақпамай жағуға сұраныс артты. Президентіміз бірге екенімізді айтып, бірлікке шақырып жатса да, алыпсатарлардың «қолы жүріп» тұр. Осыған қарап «елім дейтін ұрпақтың» болмай тұрғаны қынжылтады. Мұндай жайтқа куә болмасақ, құр сөз жазбай­тынымыз белгілі.  

Тұрақсыз дәрі бағасы

Тумысынан дүрлігуге бейім халықпыз. Дүниені шарпыған вирус бізге де жеткесін ел «әре­кетке» көшті. Дүкеннен қап-қап ұн алып, дәріханадан медицина­лық маска қалдырмай тұр. Тіп­ті, әп-сәтте аталған затты көз­ден бұл-бұл ұшырған жайымыз бар.  

Алғаш барған дәріханада спиртті 110 тең­геге, жақпамайды 330 теңгеге сатып алдық. Ке­йінгісінен бағасын сұрағанымызда «Оксолин­нің» 310 теңге тұратынын айтты.

  Бұдан бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтандағы бірқатар дәріха­наларды араладық. Әдет бойынша ең керекті саналатын дәрі ба­ғасын сұрастырдық. 1 000 теңге мен 5 000 теңге арасында баға белгілеп, дәріхана тізімдедік. «Док­тор Мом» шәрбаты мен «Азар­га» көзге тамызатын дәрі бағасын білгіміз келді. Ақмешіт көшесі бойын­да­ғы дәріханада аталған шәрбатты 1 150 теңгеге, көз дәрісін 5 700 теңге тұрады екен. Одан бөлек, Нұр-Сұл­тан­дағы бірнеше дәрі­ханадан іздеп, «Доктор Момды» 900-1 300 теңге аралығында таба алатынымызды білдік. Осылай­ша, баға тұрақсыз екеніне мо­йынсұндық. Сөйтіп, медициналық маска іздеуге кірістік. I-teka қосымшасы арқылы жұмысты жеңілдетіп, бір­неше дәріханаға қоңырау шал­дық. Біразында іздегеніміз жоқ екен. Қосымша «Хан Шатыр» сауда орталығында орналасқан Europharma дәріханалар желісін­де 50 дана медициналық маска қалғанын көрсетті. Дереу қоңы­рау шалып, анық-қанығын білдік. Біз барамыз дегенде арада 15 минут уақыт өтті. Діттеген жерге жеткесін іздеген заттың қалма­ғанын білдік. Сауда орталығында екі дәріхана бар. Екеуінде де ме­дициналық маска жоқ. Мұнымен тоқтамай, «Этил» спирті мен «Оксолин» жақпамайының бағасын сұрадық. Алғаш барған дәріханада спиртті 110 теңгеге, жақпамайды 330 теңгеге сатып алдық. Кейінгісінен бағасын сұрағанымызда «Оксолиннің» 310 теңге тұратынын айтты. Жол бойындағы бірнеше дә­ріханаға бас сұқтық. Есіктен кір­мей жатып, дәріхана қызметкері медициналық маска мен антисеп­тик жоғын ескертіп жатты. Ал бізді «Этил» спирті мен «Оксо­лин» жақпамайының бағасы қы­зықтырды. «Азия парк» сауда ор­талығында орналасқан Euro­pharma-да баға тіпті басқа. Спирт бағасы 100 теңге, жақпамайды 300 теңгеге аласыз. Достық кө­шесі бойында орналасқан дәрі­ханадан жақпамайды 370 теңге­ден табасыз. Ал Сауран көшесінде орналасқан «Ойық» дәріханасына кіргенімізде «Этил» спирті 70 тең­ге екен. Қызыққанымыз сон­ша, марлі мен дәке бағасын сұрадық. Онсызда келіп-кетуші көп болғасын сатушы құлықсыз жауап берді. Сонымен 2 марлі мен қос дәкені 880 теңгеге сатып алдық. Сөйтіп, медициналық масканың «арзан» түрін қолдан жасап алмақшымыз. Дәріханадан шыға берісте қызық жайтқа тап болдық. «Ойық» дәріханасында бізден кейін кезекте тұрған екі жігіт «Этил» спиртін алуға келіпті. 5-10 данасын емес, 100 данасын бірден сатып алды. Күдіктене қараған көз­қарасымыздан сескенді, бі­лем. Өзара әзіл-қалжыңы аралас «ой бөлу» тактикасына көшті. «Елдің бәрі спирт алып жатқанын, шын­дап ішетін болса, алған спирт­тері 3 күнге жететінін» айтты. Миық­тан күлген біз бас шайқадық. Артынша оңай олжаға кенелгісі келетіндердің olx.kz сайтында аталғандарды үстеме бағаға сата­тынын білдік. Сіз бен біз дәріха­нада таппаған медици­налық мас­ка мен спирт сайтта самсап тұр. Бірақ бағасын көр­генде адамдық дейтін қасиетке «іздеу» саласың. Кішігірім зерттеуіміз елдегі дәрі-дәрмек саясатының әлі де болса ретке келмегенін көрсетті. Коронавирус келмей тұрып та жағдай осылай болған деседі. Реттейміз дегендер нұсқаған Dari.kz қосымшасын телефонға жүктегіміз келгенімен, таба ал­мадық. Дегенмен көп өтпей, Нұр-Сұлтан қаласының әкім­шілігі баспасөз қызметі қаладағы дәріханаларға 350 мыңға жуық медициналық маска түскенін хабарлады. Сондай-ақ дәріхана қызметкерлері сатып алушыға 5 маскадан артық бермейтін болды.  

Айбике ЖАНАСЫЛ