Нариман Қыпшақбаев, экс-министр: Арналардың сексен пайызы тозған
Нариман Қыпшақбаев, экс-министр: Арналардың сексен пайызы тозған
511
оқылды
Еліміздегі үлкен өзендердің бастауы шекаралас мемлекеттердің территориясында жатыр. Тұщы су жөнінде күніміз көршіге қарайтын елміз. Сол себепті трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдалану, суды бөлісу ісі үлкен саясатты қажет етеді. Осы орайда, белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаевпен сұхбат құрып, ұсыныс, пікірін ортаға салғанды жөн көрдік. – Нариман Қыпшақбайұлы, сіз 1958 жылдан бастап су шаруа­шы­лығы саласында қызмет етіп ке­лесіз. 1981-1990 жылдар аралы­ғын­да Су шаруашылығы және мелиорация министрі болдыңыз. Қазір Қазақстандағы суармалы жер көлемі 1,4 миллион гектар де­ген дерек бар. Оның 1,2 миллион гек­тары оңтүстік өңірлерде екен. Осы­ның жай-күйі қандай? – Министр болдыңыз деп отыр­­­сың ғой. Ми­нистр болған жыл­­да­ры да, Кеңес Одағы құла­ған­­нан кейін де Қазақстанда 2 мил­лион 200 мың гектар суармалы жер болатын. Қазір соның 600 мың гектары пайдаланылмай жа­тыр. Бұл дегеніңіз – алтын қор. Таяуда Президент Әкімшілігінің бас­шысымен кездескенде осы мә­селеге назар аудару керек еке­нін айттым. Суармалы жер де­ген – сол жерге не егемін, соны аламын деген сөз. Қазір біздің су шаруашылығының басшылығына келіп жатқан азаматтар үлкен құ­ры­лыс жобалары, су қойма­ла­­рын саламыз дегенді көп ай­та­ды. Жоқ, ол қате түсінік. Ең ал­­ды­мен, суармалы жердің проб­ле­ма­сын тәртіпке келтіру ке­рек. Қуаң­шылық жылдары алы­­натын өнім­нің 33 пайызын суармалы жер береді. Іргеміздегі Қытайда ауыл шаруашылығы не себепті күшті дамыған? Өйткені оларда суармалы жердің үлесі көп. Кейінгі жылдары көлемін 2 млн гектарға ұлғайтты. Бір ғана Іле бассейні көз­де­рінен 1 млн гектар жерді суа­ру­ға қол жеткізді. Бұл біздің елі­­­мізге қат­ты әсерін тигізіп отыр. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар ми­нистрі Мағзұм Мырзағалиевпен кез­дескенде де айттым. Биыл елі­­міз­дің батыс аймағы мен оң­түс­­тікте қар аз түсті. Алматы об­­лы­сында – 600 мың гектар, Түр­кіс­тан облысында – 400 мың гек­тар, Қызылордада – 250 мың гек­тар, Жамбыл облысында 250 мың гектар суармалы жер бар. Осы жердің дайындығы не болып жатыр? Каналдарың тазаланды ма? Аз болса да дәл қазіргі көктемгі дым­қылды пайдалану керек. Осы­ны халыққа ескертіп, тәртібін жа­сау қажет қой. Үкімет жанынан құ­рыл­ған координациялық кеңес бар. Соны жинаңыз, облыстардан мамандарды шақырып, сұрайық, ақылдасайық дедім. Сондықтан біріншіден қолда бар алтынымыз – суармалы жердің мәселесімен ай­налысуға шақырамын. Жаңадан жо­ба жасап, қазынадан ақша бөл­­­діріп алу ең оңай жұмыс. Ал не­­гіз­гі мәселе басқада жатыр. Суар­малы жерлердегі суды тиімді пайдалану проблемасы жетерлік. Суды бекерге ағызып қоятындар көп. Міне, осының нақты себебін анықтау керек. Әр тамшы судың өтемі, ақысы болуы қажет. Басқа мемлекеттерде далаға жіберген әр литр үшін айыппұл төлейсің. Дамыған елдердің бәрінде там­шы­­латып суару технологиясы қол­данылады, біздегідей ағызып жібе­ріп, қарап отыру жоқ. Олар су құны қымбат болғаннан кейін осындай әдіске көшті. Бізде 1 гек­­тарға жұмсалатын су мөлшері нормадан 1,5-2 есеге асып кетіп жатыр. Осыдан кейін Қазақстан су тап­­шылығына қалай ұрын­ба­сын?! – Яғни, суды жеткізуді реттеу керек дейсіз ғой. Мамандар біздегі ир­ри­гациялық жүйелер тозған, су­дың 30%-ы егістік басына жетпей жо­ға­лып кетеді дегенді айтып жүр ғой... – Сізге түсінікті болу үшін бы­­лай бастайын. Әмудария мен Сыр­дария деген екі өзеннің суы­на Орталық Азиядағы бес мем­лекет ортақтасамыз. Осы екі өзен­нің бойында 8 миллион гек­тар суармалы жер бар. Төрт жа­рым млн гектар Әмударияның жаға­сын­да, үш жарым млн гектары Сырдың бойында жатыр. Екі да­рия­ның суының жылдық қоры – 120 миллиард текше метрдей де­сек, 105 миллиард текше метрін жо­ғарыда айтқан 8 млн гектар жер­ді суаруға бұрамыз. Демек, Арал теңізіне екі өзеннен бар-жоғы 10-15 млрд текше метр су қалады да, азғантай көлемі жетеді. Жалпы ұзындығы 200 мың шақырым каналдардың бойымен айдалған 105 млрд текше метр судың есебі жоқ. Былайша айтқанда, бір гектар жерді суаруға 20 мың текше метр су жұмсайды екенбіз.    width= Әлемде бір тонна күрішті суа­­руға орта есеппен 5 мың тек­ше метр­дей су жұмсалса, Қазақ­стан­да­ғы көрсеткіш – 10,4 мың текше метр, мақта бойынша да көрсеткіш тоннасына – 3 мың текше метр су болса, бізде – 4,3 мың текше метр. Қып-қызыл шығын. Дамы­ған елдер тамшылатып суару, жа­сан­ды жаңбырлату секілді суды үнемдеудің түрлі жолын игеруде, біз бұл жағынан көп артта қа­лып отыр­мыз. Қазақстанда су арна­ла­рының тозуы 80% деңге­йін­де, 18 мың шақырымнан астамы жөн­деу­ді қажет етуде. Негізгі нор­ма­тив бойынша тиімділік 0,85 болу керек, ал біздегі көрсеткіш – 0,64. Каналдардың бойын, табанын бетондау керек, қазір пластик құбырдың түр-түрі шығып жатыр. Тым болмаса, сонымен неге ауыс­тыр­масқа? Ең қымбат ресурс – су. Сондықтан есепсіз шығынға қатаң бақылау қажет. Проблема бірінен соң бірі туындап жатыр. Сол оңтүстік аймақтарда 107 мың гектар жердің тұзы шығып, сорға айналып барады. Бұл жағдай ауыл­шаруашылық өнімдері көле­мін бірнеше есе қысқартып отыр. Егер дер кезінде алдын алмасақ, су­мен қамту туралы әңгімені бы­лай қойғанда, азық-түлік қауіп­сіз­дігі мен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Бір қызық дерек айтайын. Осыдан 550 жыл бұрын Сырдария, Әмудария, Тигр мен Эфрат осы төрт өзеннің су заңы шығыпты. Қараңыз, 550 жыл бұ­рын! Сол заңды тауып алдым. Онда суды қалай пайдаланамыз, қандай тәртібі болуы керек? Қа­лай үнем­­дейміз, көршімен қа­­лай бөлі­семіз, қалай бір-бірі­міз­ге ке­сі­рімізді тигізбеуіміз ке­­рек? 200 бап­тан тұратын заңда осы­­­ның бар­­лығы жазылыпты. Міне, транс­­ше­каралық өзендерді пай­­далану саясаты қай кезден бастау алған? Осыны министрге де, Президент әкімшілігінің басшысына да жа­зып бердім. Осындай жағдайда оты­рып Сібірдің суын оңтүстікке бұ­рып әкелеміз дейміз. – Сібірдің суы демекші, он­да­­ғы үл­­кен өзендер Ертіс пен Оба­­дан (Обь) бері қарай су бұру Ке­ңес ода­­ғы ке­зінде де бірнеше рет ай­ты­лып­ты. Соң­ғы кездері тағы қоз­ғала бас­та­ды. Ол жоба қан­ша­лық­ты тиім­ді? – Оқуды бітіре салысымен екі жылдан кейін, яғни 1960 жылы ми­нистрлікке қызметке келдім. Сі­бір­дің суын әкелу идеясы ал­ғаш 1965 жылы қозғалып барып ба­­сылды да, он жылдан кейін Әму­­дария мен Сырдарияның суы азайып, Арал мәселесі шық­ты. Су­ды қайдан әкелеміз деген проб­­лема туды. Ол кезде бір одақ құра­­мындамыз. Десе де, пі­­кі­рі­мізді, ұсынысымызды айтуы­мыз қажет еді. Біз суды бұруға қар­сы болмаймыз дедік. Бірақ дау неден шықты? Орталықтағылар Сібірдің суы дегенде, Оба өзені емес, Ертістің суын айтады. Ертіс Қытайдан бастау алып, қазақ жері арқылы Ресей территориясына өте­ді де, Обаға құяды. Ертістің бір­жылдық қоры 33 млрд текше­ метр су. Міне, Мәскеуде отырғандар осының 20 млрд текше метрін Әмударияға лақтырамыз деді. «Ал­ды­мен есептейік, Ертістің бойын­да да ел бар. Өскемен, Семей, Павл­одар қалалары орналасқан. Одан бөлек, ұзындығы 458 ша­қы­рым «Ертіс–Қарағанды» ка­на­лы тартылған» деп айттық. Қ.Сәт­баев атындағы бұл канал Қарағанды мен Жезқазғанның ауызсу және ауылшаруашылық қажетін қамтамасыз ету үшін жасалған жоба. Біз, қазақстандық мамандар мәселені көлденең тарт­тық. Біріншіден, Ертіс бас­сей­ні территориясындағы суға қа­жеттілікті қамтамасыз етудің есебін шығарып көрейік, артылса ғана әкелуге болады дедік. Есептеп кел­генде, Ертістің суы бұруға кел­мей­ді, артық судың көлемі 3-4 млрд тек­ше метр, ол су өз бассейніне ке­рек деген қорытынды жасадық. – Осылайша, бұл жобаны тоқ­тат­тыңыздар... – Жоға, ол кезде орталық біздің айт­қанға тоқтай ма?! Мәскеуден ресми жауап келді. «Біз бір елміз, сондықтан қалай бөлсек те өзіміз шешеміз, керек қаржыны да тауып береміз» деді. Қысқасы, «сендер ауыздарыңды жабыңдар» деген емеурінді ұқтырды. Осылай ары-бері ырғасып жүргенде Кеңес Ода­ғының экономикасында қиын­­шы­лық­тар туындай бастады да, ақыры одақтың өзі тарап тын­ды. Ол кезде ел астанасының Ал­ма­ты­дан Арқаға ауысатынын біл­ген жоқ­пыз. Қазір халық та, эко­номика да осы жаққа ауды. Егер сол кезде бұрып жіберсек, не болар еді? Ертістің өзінде, шы­ғыс пен солтүстікте су жет­пей жа­тар еді. Қазір ондай идея­­ны күш­пен таңатын орталық жоқ. Өз би­лігіміз өзіміздегі елміз. Алай­­да осыны түсінбейтін, бәлкім түсін­гі­сі келмейтіндер осы жобаны қол­дап жүр.  

Балқаш көлінің 80% суы Іле өзе­нінен келеді. Іленің басы Қы­тай­да жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде Іле­нің суы үсті-үстіне азайып, Бал­қаш көлі мен Қапшағай су қой­масына қауіп төндіруде. Егер Бал­қашқа Іле өзені арқылы қа­жет­ті су келмей қалса, ол да Арал­дың кебін киюі әбден мүмкін. Сондықтан бұл – дабыл қаға­тын мәселе.

  – Ал егер Ертістің емес, арыда жатқан Оба өзенінің суын әкелсек ше? Оның суы мол әрі Ресейдің сібір айма­ғында халық азайып жатыр дег­ен де әңгіме бар ғой... – Біріншіден, Обаның суын бұру техникалық тұрғыдан қиын. Екін­­шіден, бұл жоба біз­ге қым­бат­қа түседі. Оның суын Сырдария мен Шардара су қоймасына жет­кі­з­генше бір текше метрі 3-5 дол­ларға шығып кетуі мүмкін. Сібір­дің суын бері бұру тақырыбы Өз­бек­станның оң жамбасына ке­ле­тін тақырып. Неге? Өйткені біз сонша шығындалып ол суды әкелсек, өзағамызға Сырдың басы­нан мол су алуға сылтау табылғалы тұр. Өзбектер жақсы біліп отыр, Сібір өзендерінің суы ешқашан Өзбекстан жеріне жетпейді. Кел­се Қы­зылорда мен Түркістан об­лы­сына келеді. Біз қазір Сыр­да­риядан 16 млрд текше метр алып отыр­мыз. Яғни, Шардараға құйы­ла­тын 12 млрд текше метрден, «Достық» каналындағы 1,3 млрд текше метрден, Шыршық өзенін­де­гі судан қағылып қаламыз. Біз ешқашан Сырдарияның суы­нан айырылмауымыз керек. Бұл Қазақ­станның мемлекеттік прин­ци­пі болуы тиіс. – Демек, Сібірдің өзендерін бұру мәселесінде абай болмасақ, су сая­са­тында ұтылып қалуымыз әб­ден мүм­кін дегеніңіз бе? – Кезінде КСРО Су шар­уа­­­шылығы министрінің мін­де­тін атқарған Полад-Заде де­ген кісі бол­ған. Сол кейінгі жыл­­дары шық­қан кітабында М.Гор­ба­чев­тың сөзін келтіреді. Сібірдің суын Орталық Азияға бұру тура­лы мәселемен Полад-Задені қа­был­­даған кезде Горбачев «суды бұру бізге Орталық Азиядағы мұ­сыл­мандарды жүгендеп ұстау үшін керек, егер бір жағдай бола қалса, каналды жаба қойып, судан қысу үшін» деп жауап береді. Міне, мәселе қайда жатыр?! Осы кі­тап­ты жақында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа көр­сет­тім. Бұл жоба болашақта ба­уыр­лас елдер арасында дау ту­ды­руы мүм­кін жоба. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. – Сібірдің суын бұруды ұзақ жыл Мәскеудің мэрі болған Юрий Лужков та ұсынғаны белгілі. Бірақ әлі күнге жүзеге аспады. Соған қа­рағанда, бұл жобаның «жыры» ұзақ­қа созылатын сияқты ғой? – Су тапшылығы күшейген са­йын біреулер Сібір өзенін бұру туралы сөз қозғайды. Кейбіреулер Орталық Азияға су сатып, пайда таба­мыз деп ойлайтыны рас. Бірақ бұл түбі шикі, болашақты дұрыс болжамаған шала жоба. Себебі Ертістің басында – Қытай, ортасында – біз, аяғында орыстар отыр. Егер Қытай Қара Ертістің ба­сын жауып тастаса не болмақ? Бейжің айтуы мүмкін ғой «егер бір-біріңе су сатуға көшсеңдер, Ертісте артық су бар деген сөз. Ал бізге су жетпей жатыр, сондықтан басынан тағы да су аламыз» деп. 2003 жылы сол кездегі Қазақ­стан­ның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған Алтынбек Сәрсенбаев маған телефон шалды. «Думада Сібірдің суын бұру тақырыбын қарайын деп жатыр, сіз осы мә­се­леге ерте араластыңыз, білесіз ғой, келіп қатыссаңызшы», – деді. Бар­дым. Көлігіне мінгізіп, Думаға өзі алып барды. Бастамашыл топ­тың алдында өз пікірімді қорғап сөй­ледім. Егер Қытай Ертістің ба­­сын жапса, Зайсан көлі мен Бұқ­­тырма су қоймасына су жетпей қала­ды. Нағыз проблема сол кезде туын­­дайды. – Сібір өзендерін бұру жобасы даулы екенін айтып отырсыз. Осы пікіріңізді Үкіметке, министрлікке айтып жеткіздіңіз бе? – Пікір ғана емес, Сібір суына ба­лама жол туралы ұсынысымды да айтып, қағазға түсіріп бердім. Мысалы, ҚХР қазір Ертіс өзенінен 10 млрд текше метр суға иелік етіп отыр. Жалпы қоры 33 млрд текше метр екенін айттым ғой. Қалған 22-23 млрд текше метр суды Қазақ­стан мен Ресей пайдаланады. Бі­рақ біз ресейлік сушы маман­дар­­­­мен бірге жоғарыдағы 10 млрд су­ды түгел алғанына қарсы­­мыз де­ген ұстанымдамыз. Өйт­ке­ні Қытай Қара Ертістің суын бұрып, анау Үрімшіге дейін жет­кіз­ді, жо­ғарыдағы 10 млрд-тың жар­ты­сына жуығын алып алды деуге бо­лады. Ол каналды әдейілеп ба­рып, көрдім. Демек, Ертістің суы­­на қысым келді деген сөз. Бұл трансшекаралық өзендер ту­ралы халықаралық заңнамаға қай­шы. Одан бөлек, өз ішімізде Бұқтырманың, Қалжырдың, Күр­­шімнің суы, т.б. көздерден жи­­налады. Алайда біз осынша су­дан 3 млрд текше метр ғана пай­­да­ланамыз, қалғаны Ресейге қа­рай ағып кетіп жатыр. Міне, осы суды қалай тиімді жолмен алып, пайдаланамыз. Осыны ой­лас­тыруымыз керек. Айтайын деге­нім, 1975 жылы Семейден Өске­менге қарай 60 шақырым жер­ден Шульба Су электр стан­са­сын саламыз дедік. Ол кезде ми­нистрлікте қызметтемін. Стан­са суының абсолютті деңгейі +260 болуы керек деп ескерттім. Мем­­лекеттік жоспардың басында отыр­­­ғандар «жоқ, 240 саламыз» деп көн­беді. Амалсыз орталықтың сө­зіне бағынасың. Жарайды, бі­рақ онда қоятын турбина мен бө­геттің астындағы негіздемесі мен іргетасын 260 қысымға есеп­те­­ңіздер дедік. Оған келісті. Осы­лай­­ша, 240 дейгейде, бірақ 260 қы­сымға өлшеніп салынды. Енді соны тағы 20 метрге көтеруімізге болады. Соны көтерсек, Ертіс­тің суын нағыз ресурсқа айнал­ды­рамыз. Яғни, артық суды қал­­­­­тамызға салып отырғандай жағ­дайда боламыз. Ешқандай на­сос­тың қажеті жоқ, су апарам де­ген жеріңе өз ағынымен-ақ жүріп ке­леді. Мен осы ұсынысты айтып отыр­­мын.    width= – Жалпы, бізде Ертістен өзге тран­с­шекаралық өзендерді келісіп пай­далану мәселесі қай деңгейде? – Ертістен басқа үлкен өзендер Іле, Сырдария, Жайық, Шу мен Та­лас өзендері бар. Бұл – әрине ең маңызды бағыттың бірі. Себебі транс­шекаралық өзендердің тағ­ды­ры дегеніміз – өзеннің аяғын­да­ғы мемлекеттің тағдырын ше­ше­тін жағдай. Балқаш көлінің 80% суы Іле өзе­нінен келеді. Іленің басы Қы­тай­да жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде Іле­нің суы үсті-үстіне азайып, Бал­қаш көлі мен Қапшағай су қой­масына қауіп төндіруде. Егер Бал­қашқа Іле өзені арқылы қа­жет­ті су келмей қалса, ол да Арал­дың кебін киюі әбден мүмкін. Іле­ден бөлек, Жетісудың өзге өзен­дері көлге құймай қалуда. Мә­­селен, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзен­­­дерінің суы суармалы жерден ар­тыл­май қалады. Ал Аягөз, Сарқан, Бас­­қан, Биен секілді өзендер жаз­дың ортасында тоқтап қалатын бол­ған. Сондықтан бұл – дабыл қаға­тын мәселе. Бізде бауырлас республика­лар­мен Сырдың суын және Шу мен Талас өзендерін ортақ пайда­ла­ну туралы келісім бар. Ол Кеңес үкіметі кезінен тәртіпке келтіріл­ген. Енді осы келісілген суды ре­ті­мен алып, тиімді пайдалану жа­ғын ойластыруымыз керек. Су дауы Орталық Азиядағы ағайынға ке­рек емес. Мұны барлығы түсінуі қажет. Бізге керегі – келісілген суды өзара түсіністік тұрғысынан бірлесе пайдалану. Бізде Жайық өзенінің проб­ле­масы қиын болып жатыр. Жа­йық­­тың суы айналдырған 11 млрд текше метр. Кеңес үкі­ме­ті ке­зінде Саратов жақта кіші­гі­­рім су қой­малары салынып, Жа­йық­­қа су келмей, азайып кетті. Кейін­нен Еділ өзенінен бері қа­рай ка­нал тар­тылды. Бірақ қа­зір сол Сара­тов каналы істемей қал­ды. Жан­таласып сол кезде 3 млрд тек­ше метр суды тарту үшін «Вол­га–Орал» деген каналдың жо­ба­сын жасадық. Ол жоба арқылы Еділ­дің суын Жайыққа әкелуге бо­ла­ды. Бұл келісілген жоба, осы­ны аяқ­тасақ, Жайыққа қажетті су­ды ала­мыз. – Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ре­сурстарын пайдалану туралы тұжы­рымдаманы әзірлеп жатыр. Ай­тып отырған ұсыныстарыңыз оған енгізілді ме? – Мен мұның барлығын су та­қы­рыбын талқылаған жиындарға қа­тысып, айтып жүрмін. Министр М.Мырзағалиевтің жеке өзіне де ес­керттім. Бұл тұрғыда министрліктің тұ­жырымдамасымен де танысып шықтым. Біріншіден, ел тұрғын­да­ры үшін өте қажет дүние – сапа­лы ауызсу. Екіншіден, негізгі ұстаным – қоршаған орта тепе-теңдігі (Арал мен Балқаштың проблемасы және Жайық өзенінің жағдайы) мен трансшекаралық өзендер саясаты болуы тиіс. Үшін­шіден, ел экономикасына қажетті ресурстарды ретке келтіру. Әрине, онжылдық бағдарлама суға қатысты жайттың бәрін бір­ден жақсартады деп айту қиын. Саланың өзіне тән ұзақ жыл­дан бері қордаланып қалған проб­ле­малары жетерлік. Ең ал­ды­мен, елдегі сапалы су көзінің тап­шы­лығы, суға тариф есеп­теудегі тетіктің әлі күнге бірізге түспеуі, сондай-ақ тұтас респуб­ликадағы жағдайды жетік біле­тін білікті кадр тапшылығы бай­қалып отыр. Оның үстіне, ел­де­гі барлық каналдың 18 мың ша­қырымы жөндеуді қажет етеді, инфра­құрылымның тозуы кей өңірлерде 80%-ға жеткен­дік­тен, бар суды тиімсіз пайдалану жағ­дайы да өткір күйде қалуда. Бұған қоса, республика тер­риториясындағы жерасты сулары көздерінің нақты көлемін қайта есеп­теп, сапасын анықтау ісі күн тәртібінде тұр. Мемлекет не­гізі – жер мен су. Су алдымен адам­ға ке­рек ресурс. Одан кейін эко­ло­­гия, қоршаған орта мәселесі тұр. Қа­зірдің өзінде Маңғыстау, Аты­рау, Батыс Қазақстан облыс­та­рында су тапшылығы қатты білінуде. Сондықтан тезірек суды үнемдеуге, тиімді пайдалану сая­са­тына көшуіміз қажет. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан Бауыржан БАЗАР