Өткен жылы Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында зорланған оқушыға қатысты оқиға дүйім жұртты дүр сілкіндіргені рас. Жаға ұстатқан жағдай бұқараның ғана емес, билік басындағылардың да былғары орындығын шайқап, бірқатар шенділер қызметімен қош айтысты. Жауаптылар жазаға тартылғанымен, мұнымен бар мәселе шешілді деу қиын. Сондықтан Үкімет биыл барлық мектепті ішкі дәретханамен қамтуды тапсырған болатын. Алайда ағымдағы жылдың алғашқы үш айы артта қалып барады. Бұл бағыттағы жұмыстардың қазіргі аяқалысы қандай? Межелі міндетті жоспарлы мерзімде орындай аламыз ба? Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірде 442 мектеп бар болса, соның 285-іне ішкі дәретхананы орнату қажет екен. Аудан бойынша бөлінісіне келсек, Қордай ауданында 48 мектеп болса, соның 23-не мектепішілік дәретхана қажет. Шу ауданында 47 мектеп жұмыс істеп тұрса, оның 35-інде ішкі дәретхана қарастырылмаған. Байзақтағы 43 мектептің 37-інде балалар қыс бойы далаға жүгіріп шықса, Жуалы ауданындағы 39 мектептің 27-інде де оқушылардың дәл осылай күнелтуіне тура келген. Жамбыл ауданындағы 37 мектептің 28-інде, Меркі ауданындағы 36 мектептің 26-ында, Т.Рысқұлов ауданындағы 39 мектептің 29-ында, Талас ауданындағы 35 мектептің 29-ында және Сарысу ауданындағы 27 мектептің 21-інде оқушылар әлі күнге даладағы дәретханаға барады. Мойынқұм ауданында 24 мектеп тіркелген болса, мұндағы жергілікті билік бірде-біреуіне ішкі дәретхана орнатуға бас қатырмапты. Облыс орталығы – Тараз қаласында 60 мектеп орналасса, мұнда да 5 мектепке ішкі дәретхананың қажеттігі туындап отыр. Облыс әкімдігінің білім басқармасының мамандары 2019-2020 оқу жылының аяғына дейін құрылыс жоспарлы 285 дәретхананың 278-і пайдалануға берілетінін айтады. Ал қалған 7 дәретхананың құрылысы 2020-2021 оқу жылына жоспарлануда. Қаржы мәселесіне келсек, дәретхана құрылыстарына облыстық бюджеттен бір тиын да қаралмаған. Бұл міндет жергілікті билік қазынасына жүктелген. Яғни, Тараз қаласы мен әр аудан құрылысты өз есебінен жүргізуі тиіс. – Өткен жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен өткен брифингте дәретханалардың құрылысын жүргізу үшін 560 миллион теңге қажеті айтылған болатын. Алайда ол тек дәретхана орнату жұмыстарына қажетті сома. Бұдан бөлек, жаңғырту жұмыстарына да қаржы қажет. Сондықтан біз қазір қала мен әр аудан қанша теңге бөлгенін есептеп жатырмыз. Бір анығы, бұл жұмысты жергілікті билік өкілдері заң шеңберінде өз қаржыларына жүргізіп шығулары керек, – дейді білім басқармасының мамандары. Осы орайда, аудандарда дәретхана құрылысының қарқынын білмек мақсатта ең алдымен 24 мектептің барлығында бірдей дәретхана қаралмаған Мойынқұм ауданына хабарласқан едік.
– Ауданда 24 мектеп бар болса, бізге 26 дәретхана қажет болып тұр. Себебі аудан орталығында орналасқан М.Жұмабаев атындағы мектептің артындағы кіші корпустарына да дәретхана қажеттігі туындап отыр.Осыған орай, біз аудандық қазынадан бөлінген 58 миллион теңгені мақсатты жұмсау үшін жан салып, тер төгудеміз. Десе де, Мойынқұм ауданы облыс орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен болғандықтан, туындап отырған қиындықтар да бар. Мәселен, Ақсүйек сынды ауылдарда орталықтандырылған ауызсу жүйесі жоқ. Тұрғындар суды тасып ішетіндіктен, мектеп дәретханасына су жеткізу мәселесі қос бүйірден қысып тұр. Сондай-ақ бірқатар елді мекенде кәріз жүйесі реттелмеген. Ал бірқатар ауылға ауызсу жеткізу мүмкін болмай тұр. Сондықтан құдық қазып, мектепке суды скважинамен апарсақ деген ой бар.Алдымызда құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін аяқтау міндеті тұр. Осы мерзімге дейін мәселелерді толықтай шешуге тиіспіз, – дейді Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев. Жамбыл ауданында да мәселе жоқ емес. Мұнда барлығы 37 мектеп болса, оның жетеуінде ғана ішкі дәретхана қарастырылған. 19 мектеп дәретханасының құрылысына 105 миллион теңгеге конкурс жарияланып қойса, 9-на әлі жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал ең қызығы, №5 және №4 бастауыш мектептер жекеменшік ғимаратта отырғандықтан, мұндағы құрылыс нысан иесінің қарауына қалыпты. – Аталған екі нысанның қожайындарымен сөйлесіп, ішкі дәретхана құрылысын демеушілер есебінен жүргізуге келістік. Бұйыртса, олар өздеріне жүктелген міндетті орындауы тиіс, – дейді Жамбыл аудандық білім бөлімінің құрылыс саласына жауапты маманы Бақытжан Шабанбаев. Бұдан бөлек, аталған елді мекенде ауызсу жүйесі тартылмаған ауылдар да баршылық. Мұнда да мектеп дәретханасына суды қазылған құдықтар арқылы жеткізу көзделуде. Сарысу ауданында болса, мектепішілік дәретхана құрылысын қажет ететін 21 мектептің конкурсы жарияланып қойыпты. Алайда бірқатар ауылда білім ошақтары сабан кірпішінен тұрғызылғандықта, мектепішілік дәретхана салуда қиындық туып жатыр екен.
– Үшарал, Маятас және Үшбас ауылдарындағы мектептер сабан кірпішінен тұрғызылғандықтан, дәретхананы мектеп ішінен салу мүмкін болмай тұр. Сондықтан мектептің бір бұрышынан есік шығарып, дәретхананы контейнерден мектеп жанынан орнатқалы отырмыз. Бұл бір жағынан арзанға түседі. Одан бөлек, ауданда Жаңатас қаласынан басқа бірде-бір елді мекенде кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан дәретханаға қажетті құбырды қолмен қазып, суды да құдық арқылы тартпақпыз, – дейді Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек.Облыстағы дәретхана құрылысына қатысты жағдай – осы. Бір ауданда конкурс енді жарияланып жатса, екіншісінде жекеменшіктегі ғимаратқа дәретхана орнатуда өзіндік қиындықтар тууда. Ал Сарысу ауданы сияқты елді мекендер дәретхананы мектеп ішінен орната алмай, сыртқа шығаруларына тура келіп отыр. Контейнерден салынған дәретхананың далада тұрған дәретханадан айырмашылығы қандай болары белгісіз. Бірақ аудан әкімі контейнердің іші қыста суық, жазда ыстық болмау жағы жіті қаралып жатқанына сендіруде. Тағы бір мәселе – барлық аудан ауыл мектептеріне су жеткізу қиынның-қиыны болып тұрғанын жасырмауда. Әрине, соңғы кездегі түрлі жағдайлар дәретхана құрылысына ден қойып, зерделеуге мүмкіндік бермей жатқан шығар. Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиындарда «дәретхана мәселесін қыркүйекке дейін шешеміз» деп қана қоймай, жіті бақылауына алғаны абзал-ау. Әйтпесе, ертең-ақ жаңа оқу жылы басталып, оқушыларымызды тағы да даладағы дәретханадан іздеп жүрмесек болғаны...
Жамбыл облысы