Өткен жұма, сенбі және жексенбі күндері Алматыдағы «Сайран» халықаралық автовокзалында автобустарға билет тапшылығы сезілді. Кассаларда ұзынсонар кезек қалыптасты. Бұған себеп – коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ЖОО студенттерін қашықтан оқыту жүйесіне көшіру және олардың жатақханада қалмай, басқа өңірлердегі өз үйлеріне қарай жолға шығуы. Оның үстіне тасымалдаушылар билет құнын көтеріп жіберді деген де шағым айтылды. Біз мәселенің мән-жайын білу мақсатында автовокзал әкімшілігіне хабарластық.
«Бізде негізгі бағыттар – оңтүстік аймақтар – Тараз, Шымкент және Қызылорда. Мысалы, жай күндері Қызылордаға 2 автобус жөнелтілетін болса, өткен жұма күні – 11, сенбіде – 18 және жексенбіде 17 автобус жөнелттік. Бұл жерде қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарау керек, өйткені автобустар бір бағытта ғана адам тасып жатыр. Қайтарда бос келеді. Күніне екі-ақ автобус жөнелтіп отырған тасымалдаушы бірден 20 автобус шығарып бере алмайды. Дегенмен жан-жақтан артық автобус іздестіріп, адамдарды тасымалдап жатырмыз. Ең қиын күндер артта қалды деп ойлаймын. Өткен жұма, сенбі, жексенбі күндері жолға шыққандар көп болды. Қазір жағдай реттеліп келеді», – дейді «Сайран» халықаралық автовокзалы тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан Әбілдаев.Реті келіп тұрғанда автобустардың жол жүру бағасының көтерілуі жайында да сұрап білдік. Автовокзал өкілі билет құны шамамен 20-25 пайызға қымбаттағанын жоққа шығармады. Өз кезегінде оның қымбаттау себебін түсіндіріп өтті.
«Мәселен, 6 000 теңгенің жол жүру билеті қазір 7 200-7 800 теңгеге сатылуда. Себебі автобустар қайтарда бос келіп жатыр. Автобустар 1 200 шақырым жолға тек жағармайдың өзіне 60-70 мың теңге жұмсайды. 10 автобусты жолға шығару үшін 1 миллион 200 мың теңге тек қана жағармайға керек. Оған қосымша жүргізушілердің жалақысы, тамақтануы бар. Автобустар ақшасын бірден ала алмайды. Ақша тек банктер арқылы төленеді. Сенбі, жексенбі банктердің жұмыс істемеуі де біраз әбігерге салды. Дүйсенбі, сейсенбі тасымалдаушыларға ақшалары аударылады. Сондықтан жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – дейді Ерлан Әбілдаев.Жолаушы тасымалы мәселесінде ең қиын күндер артта қалды деуге болады. Қазір жағдай қалыпқа түсе бастады. Көпшілікті қызықтырар тағы бір мәселе – автобустардың санитарлық нормасына қаншалықты көңіл бөліп жатқаны. Ерлан Әбілдаевтың айтуынша, автобустардың бәріне санитарлық өңдеу жүргізіледі. Екі аптаға жететін өңдеу материалдары бар. Санитарлық өңдеу материалдарымен әкімшілік қамтамасыз етіп отыр. Теміржол, автовокзалдарда бұл жағынан ешқандай тапшылық жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, жолаушылардың алда келе жатқан мереке күндеріне алдын ала алып қойған билеттері олардың сұранысына қарай қайтарылып берілуде.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ