Teen Accounts – қауіпсіз цифрлық орта

Астана қаласындағы Мақсұт Нәрікбаев университетінде Instagram желісіндегі «Жасөспірімдерге арналған аккаунттар» жобасының тұсаукесері өтті. Жиында балалар мен жастардың онлайн қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Meta вице-президенті доктор Саймон Милнер, Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, академиялық және азаматтық сектордың, сондай-ақ жастар ұйымдарының шамамен 100 өкілі қатысты.

Іс-шара аясында жасөспірімдерді цифрлық қорғау, кибербуллингтің алдын алу, зиянды контентке қолжетімділік­ті шектеу мәселелері қарастырылды. Жас­өспірімдерге арналған аккаунттарды енгізу жас ерекшеліктері мен халықаралық стандарттарды ескере отырып, олардың қауіпсіз цифрлық ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Meta компаниясының Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі қауіпсіздік саясаты жөніндегі жетекшісі доктор Приянка Балла жасөспірімдерге арналған аккаунттардың ерекшеліктерін атап өтті. Бұл аккаунттар хат алмасуға, контент көруге, басқа қол­данушылармен қарым-қатынасқа шектеулер, сондай-ақ интернетте өткізілген уақытты бақылауға арналған функцияларды қамтиды. Жаңа жоба халықаралық зерттеулер мен ата-аналармен жүргізілген кеңестер негізінде әзірленіп, кибербуллинг пен зиянды кон­тентке байланысты қауіптерді азайтуға бағытталған. Teen Accounts-ты енгізу елімізде жасөспірімдердің жасына сәйкес келетін және ата-аналар болжамына жауап беретін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болады деп күтілуде.

Презентациядан кейін Қазақстан­да­ғы жастар цифрлық қауіпсіздігінің перс­пек­тивалары тақырыбында панельдік талқылау өтті. Оған Meta, Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті, ІІМ, Мәдениет және ақпарат министрлігі, ЮНИСЕФ, сондай-ақ са­рапшылар мен үкіметтік емес ұйым өкіл­дері қатысты. 

Айта кетейік, бұл шара Meta Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. 

 

Ақгүл Саятқызы