Жамбыл облысында 10 жастағы асыранды ұлын өлтірді деген күдікпен әскери қызметкер ұсталды. Қазір істі әскери-тергеу басқармасы тергеп жатыр. Отбасындағы тағы төрт асырап алынған бала шұғыл түрде мемлекеттік мекемеге қайтарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Бала өлімі Талас ауданының бір ауылында мамырдың аяғында болған. Алайда бұл оқиға туралы ақпарат тек жуырда белгілі болды. Бала аудандық ауруханаға жеткізілгенде тіршілік белгілері болмаған.
Күдікті ретінде 35 жастағы әскери қызметкер – баланы асырап алған әкесі ұсталды. Қайғылы оқиға күні нақты не болғаны тергеу мүддесіне байланысты жария етілмей отыр. Отбасында бес асыранды бала болғаны және олардың тек бірнеше ай бұрын ғана алынғаны анықталды. Бала қаза тапқаннан кейін қалған балалар да отбасыдан алынған.
- Қазір олар мемлекеттік мекемеде. Тергеуді әскери қызметкер қылмыс жасады деген күдікке ілінгендіктен, Әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Балалардың қазіргі жағдайы қауіпсіз. Оларға психолог мамандар көмек көрсетіп жатыр, – деді Жамбыл облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Дәурен Бағжанов.