Алматыда коронавирус жұқтырған пациенттердің бірі ауруханаға өзі барған. Бұл туралы бүгін қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасынан хабарлады. «Кеше Алматыда тағы бір адамның жұқтырғаны анықталды. 1986 жылы туған әйел Алматы-Стамбул бағытындағы рейспен 15 наурызда таңғы сағат 6-да келген. Ол арнайы категорияға жатпайтын елден келген соң карантинге жатқызылмады. Кеше алынған қан талдауы оң нәтиже көрсетті», - деді басқарма басшысы Т.Әбілдаев. Оның айтуынша, әйел тамағы жыбырлап өзін жайсыз сезінген соң қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылған. «Ол қызбен байланыста болғандардың барлығы анықталып, карантинге жабылды», - деді ол. Айта кету керек, COVID-19 эпидемиологиялық ахуалы бойынша Қазақстанда жұқтырғандар саны әр сағат сайын өзгеріп жатыр. Дәл қазіргі уақытта елде ауырғандар саны 32-ге жетті.