Құрама Штаттардағы індет шілде және тамыз айларында бәсеңдеуі мүмкін немесе одан да ұзаққа созылуы ықтимал. Ақ үй басшысы Дональд Трамп журналистерге берген сұхбатында осылай деді, - деп жазады inbusiness.kz. Америкалық президенттің айтуынша, Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирустың салдарынан ел экономикасы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бірақ олай болған жағдайда билік тиісті шаралар қабылдап, жағдайды реттейтінін жеткізді. Соңғы мәлімет бойынша, АҚШ-та вирусты жұқтырғандардың саны 3800-ден асып, оның 80-і көз жұмған. Бүгін елдегі Kaiser Permanente Washington Research институтында коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайды. Кейін вакцинаның нақты қашан дайын болатыны жарияланады.