Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа арнаған үндеуінен кейін шаһардағы барлық дабыл сиреналары іске қосылып, жалпықалалық масштабтағы төтенше жағдай туралы хабарланды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім еткендей, бұл, халықты құлақтандыру үшін жасалды. «Алматыда 17 наурыз күні, кешкі сағат 17:30 шамасында дабыл қосылды. Бұл шара карантин режимінің енгізілуіне байланысты халыққа ақпаратты жеткізу үшін жасалды», - деді ТЖД баспасөз қызметінен. Дабыл соғылған соң барлық радио және телеарналар арқылы аудиохабарлама таратылды. Айта кету керек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин режимі 19 наурызда түнгі сағат 00:00-де енгізіледі. Азаматтар мен автокөліктердің қалаға кіріп-шығуын шектеу үшін 27 бекет орнатылады. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, карантин қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. «Төтенше жағдай кезінде барлығымыз бірігуіміз керек. Бұл жағдайда әр азаматтың тәртібі мен ой санасы өте маңызды. Мұндай қиындықтан бізді тек бірлігіміз бен бір-бірімізге қолдауымыз, тәртіптілігіміз ғана алып шықпақ. Біз қиындықты жеңеміз!», - деді ол.