Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына кімдердің кіре алатынын айтты. «Денсаулық сақтау органдары мен Қорғаныс министрлігі блокпосттар арқылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының периметрі бойынша көлік құралдарының кіруі мен шығуын және азаматтардың қозғалысын шектейді. Қалаға Нұр-Сұлтан мен Алматыда тиісті тіркеуде тұрған адамдар және қалалардың өмірлік қызметтерін қамтамасыз етуге қажет адамдар ғана кіреді. Тізімді әкімдіктер анықтайды», - деді министр «Хабар 24» телеарнасындағы үндеуде. Оның айтуынша, бұл тыйым тұтыну тауарларын жеткізетін көліктерге жүрмейді. Сондай-ақ, министр жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік жүктелетінін ескертті және азаматтардан карантин кезінде түсіністік танытуға шақырды. Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимі енгізілгенін хабарлаған болатынбыз.