Дағдарысқа – тойтарыс
Дағдарысқа – тойтарыс
Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын бекітті. Сауда орындары, кинотеатрлар, спорт нысандары 1 жыл мүлік салығын төлемейді. Кәсіпкер­лер табыс салығынан босатылады. Өндірістің тоқтауы, компаниялардың жа­былуы кесірінен қызметінен айырылғандарға құрылыс, жөндеу, абат­тандыру, күресінге жіберу секілді 85 мың теңге айлығы бар жұмыстар ұсынылмақ. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Министрлер каби­нетінің жиынында Үкімет басшысының өзі және орынбасарлары ғана отырды. Баяндама жасаған жоғары лауазымды тұлғалар, сондай-ақ әкімдер мен министрлердің барлығы өз кабинеттерінен онлайн қосылып, қатысты.  

7 бағыт жетістікке жетелей ме?

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәле­нов «онлайн жиналғандарды» Қазақстан биз­несін қолдау шаралары топтамасымен та­ныстырды. Құжат Президенттің Жарлық­тарына және телевизиялық Үндеуіне сәйкес, бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақ­тылықты қамтамасыз ету мақсатында әзірлен­ген 7 негізгі бағыттан тұрады. Бірінші бағытта «Бизнестің жол карта­сы-2025» және «Қарапайым заттар экономи­касы» (ҚЗЭ) бағдарламаларын өзара үйлестіру арқылы кәсіпкерлер үшін теңгедегі несиені арттыру шаралары қолға алынбақ. – Біріншіден, ҚЗЭ несиелендіруі тағы 400 млрд теңгеге ұлғайтылып, 1 триллион тең­­геге дейін жеткізіледі. Қаражат ең алды­­мен импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін отан­дық өнім өндірушілерге берілетін болады. «БЖК-2025» мембағдарламасы бойынша бір кәсіпкерге берілетін несиенің жоғарғы шегі 7 млрд теңгеге дейін көтеріледі. Екіншіден, несиелер бойынша ақырғы сыйақы мөлшер­лемесі бірдей етіледі және енді 6% құрайды. Үшіншіден, «БЖК-2025»-тен салалық шек­теулер алып тасталады, ҚЗЭ-нің басым тауар­лар тізбесі кеңейтіледі, – деді Р.Дәленов. Екінші бағытта кепілдің жетіспеушілігі мәселесі шешілмек. Ол үшін «БЖК-2025» ар­қылы орта бизнеске берілетін кредит со­масы 1 млрд теңгеге дейін арттырылмақ. Бұл ретте 50% мөлшерінде кепілдендіру ұсы­ны­лады. Микро және шағын бизнес үшін кепіл көлемі 85%-ға дейін жеткізіледі, кредит со­масы 360 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. Кепілдік беру тетігі оңайлатылады. Үшінші бағытта орта бизнесті тексеру саны кемітіледі. Ал микро және шағын биз­несті тексеруге бүгінде мораторий жария­ланған. Төртінші бағыт бойынша шағын және орта бизнестің жекелеген түрлері – ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрме­лер, спорт нысандары салық жеңілдіктеріне ие болады. Осындай бизнесі бар заңды тұл­ғалар және жеке кәсіпкерлер 1 жылға мүлік салығынан босатылмақ. Бұған қоса, егер уақытылы салық төлемесе, үш ай өсімпұл есептеуге де тыйым салынады. Бесінші бағыт бойынша агроөнеркәсіп кешені нысандарын несиелендіру ұлғайты­лады, салықтық ынталандырулар көзделеді. Сиыр және ұрғашы бұзау, асылтұқымды балапан секілді биологиялық активтерді им­порттау кезінде қосылған құн салығы алын­байды. Сондай-ақ 7 мыңдай отандық өндіруші биыл ауыл шаруашылығына арналған жер­лерге салынатын салықтан босатылмақ. Алтыншы бағыт аясында жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер (ЖК) 10 пайыздық жеке табыс салығынан бір жылға босатылады. Ал патентпен жұмыс істейтін ЖК-лар онсыз да 2020 жылдан бастап табыс салығынан құтылған. Демек, бұл игі­ліктен тыс қалған дара кәсіпкерлер үшін әділдік қалпына келді. Ұлттық экономи­ка министрлігінің дерегінше, осы санатта 72 414 жеке кәсіпкер бар. Жетінші бағыт аясында еңбек нарығын­да тұрақтылықты қамтамасыз етуге ба­ғытталған жаңа «Жұмыспен қамту жол кар­тасы» әзір­ленуде. Өңірлерде іріктелген жаңа инфрақұ­рылымдық жобаларды іске асыру есебінен 120 мың жұмыс орны құры­луы тиіс көрінеді. – Бұл жобалар жол, көпір жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеу­меттік инфрақұрылым нысандарын реконс­трукциялау сияқты халықтың ең өзекті проб­лемаларын шешуге мүмкіндік береді. Мем­лекет басшысы кешегі телевизиялық үн­деуінде кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға 300 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті. Несиелерді субси­диялау және салықтық ынталандыруларды беру мәселелері қосымша пысықталды, – деді еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов. Банктер өсімпұлына тыйым салынды – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарын қолдаудың теңдессіз шараларын қабылдайды. Бұл шаралар, ең алдымен қазіргі жұмыс орындарын сақтауға және кәсіпкерлер мен азаматтардың іскерлік белсенділігін ынталан­дыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған, – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин. Оның айтуынша, төтенше жағдай орнаған кезеңде банктер қарыз алған өз клиенттері төлем мерзімін өткізіп алса, оларға айып­пұл­дар мен өсімпұлдар есептей алмайтын болады. «Барлық банктер қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем мерзі­мін ұзарту мүмкіндігін беруі керек», – деді А.Мамин. Үкімет басшысы 3 күн ішінде салалық мембағдарламаларға кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа формаларын енгізу үшін қажетті Үкімет қаулысы жобаларын дайындауды тапсырды. «Мемлекет басшысы Жарлықтарын іске асыру үшін біз салық төлеушілердің жекелеген санаттарына салық мөлшерлемелерін белгі­леу­дің ерекше тәртібін анықтау, бюджетті қа­лыптастыру мен орындау, мемлекеттік са­тып алудың арнайы тәртібін анықтау бойын­ша көп­теген шешімдерді қабылдаймыз. Жалпы, кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдау­дың жаңа шаралары 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады», – деді Үкімет жетекшісі.  

Тендерлер енді басқаша өтеді

Президент «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жар­лық­қа қол қойғаны мәлім. Ол салық салу, мем­лекеттік сатып алу және бюджетті пайда­лану бойынша ерекше жағдай енгізеді. Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбаса­ры – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде рес­публикалық бюджетті қалыптастыру және орындау бойынша да ерекше тәртіп енгізіледі. Нақтылай кетсек, бюджетті қалыптастыру министрліктер мен ведомстволардың дерек­терінің негізінде жасалатын «ірілендірілген есептеулер» бойынша жүргізіледі. Үкімет оны Парламентте қорғамайды. Бүкіл бюджетті нақтылау – тиісті Жарлық жобасын ел Президентіне ұсыну арқылы жүзеге асады. Яғни, тағы да Парламенттің талқылауы қажет етілмейді. Мысалы, қолданыстағы бюджеттік заңнама бойынша әлдебір нысанды салу үшін түрлі сараптамалар жүргізу, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу, меморган­дар арасында келісім қажет. Жедел шаралар қабылдау талап етілетінін ескере отырып, Үкімет осы аталған рәсімдерді тегіс қысқарту туралы шешім қабылдады. Дағдарысты жағдайда тендерлер де арнайы тәртіпте өтеді. «Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы Қазақстан аумағында жасалатын тауарлар мен оларды өндірушілердің тізімін айқындайды. Мұндай тауарларды мемлекеттік сатып алу жедел әрі жеңілдетілген түрде, тек отандық өндірушілер арасында жүргізіледі», – деді Әлихан Смайылов. Бұдан былай сатып алулар баға ұсыныс­тары арқылы жүзеге асырылады, жеткізушіні таңдау рәсімі 5 жұмыс күнінен аспайды. «Дағдарысты жағдайда Үкімет өте жылдам үн қатуы, мысалы, жедел маскалар немесе қорғаныш құралдарын сатып алуы, аурухана салуы тиіс. Ал әдеттегі конкурстық рәсімдер 45 күннен 60 күнге дейін созылуы мүмкін. Дегенмен құны 2 млрд теңгеден асатын ірі және маңызды сатып алулар ел Президентімен келісілетін болады. Қалған барлық мемле­кеттік сатып алулар жалпыға бірдей тәртіппен жүреді», – деді бірінші вице-премьер.  

Айхан ШӘРІП