CNBC хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, жазғы лагерьге миллиардерлер не мақсатпен жиналғанын түсіндіреді.
Осы аптада Американың технология, медиа және қаржы саласындағы ірі жетекшілері Айдахо штатының Сан-Вэлли қаласында Allen & Co компаниясының жыл сайынғы Sun Valley Media and Technology Conference конференциясына жиналды. Бұл шараны «миллиардерлердің жазғы лагері» деп атайды. Сэм Альтман, Тим Кук, Боб Айгер Сан-Вэллидегі «миллиардерлердің жазғы лагеріне» келген.
Apple компаниясының бас директоры Тим Кук, Walmart бас директоры Даг Макмиллон, Disney бас директоры Боб Айгер және OpenAI бас директоры Сэм Альтман өздеріне арналған коттеджге кіріп бара жатқанын тілшілер суретке түсіріп алған.
Конференцияның сәрсенбі күнгі күн тәртібінде бірнеше сұхбаттар жоспарланған. CNBC тілшісі Джулия Бурстиннің хабарлауынша, сұхбаттарға Amazon компаниясының бас директор Энди Джасси, қаржы министрі Скотт Бессент және IAC компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Барри Диллер қатысады.
Сейсенбіде «жазғы лагерьге» келген Сэм Альтман жасанды интеллект саласындағы таланттар үшін күрес оны алаңдатпайтынын мәлімдеген. Ол осы аптада Meta компаниясының бас директоры Марк Цукербергпен сөйлесетінін айтқан.
Төменде эксклюзивті шараға келген технология және медиа саласындағы жетекші тұлғаларды көресіз.