Quartz сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Құрама Штаттардағы бензин бағасын салыстырады.
AAA (American Automobile Association) деректері бойынша бензиннің ең арзан және ең қымбат бағалары штаттарда галлонына (1 галон – 3,8 литр) шамамен 2 долларды құрайды екен.
Электромобильдер АҚШ жолдарындағы барлық көліктердің 2%-ын құрайды. Демек, америкалықтардың басым көпшілігіне бензин бағасы әлі де маңызды саналады. Президент Трамптың саясаты да табиғи отынмен жүретін көліктерді қолдануды ынталандыруға арналған. Қазіргі уақытта бензиннің орташа бағасы галлонына 3,162 долларды құрайды. Яғни, 1 литр бензин Америкада – 429 теңге тұрады.
Алайда бұл орташа баға. Бакты толтыруға кететін шығын штаттарға байланысты едәуір өзгереді.
AAA ұсынған мәліметтер қай штаттарда бензин ең арзан және ең қымбат екенін көрсетеді. Төмендегі тізімнен қай жерде бензин құны жоғары, ал қай жерде төмен екенін біле аласыз.
Американың бензин ең қымбат штаттарының бестігі мыналар:
1-орын: Калифорния (ең қымбат). Калифорнияда бензин бағасы ең жоғары – литріне 620 теңге.
2-орын: Гавай. Гавайда орташа баға – 610 теңге / литр.
3-орын: Вашингтон. Вашингтон штатында 1 литр бензин 600 теңге.
4-орын: Орегон. Орегон штатында қарапайым бензиннің орташа бағасы – 548 теңге / литр.
5-орын: Невада. AAA деректері бойынша Невада штатында бензиннің орташа бағасы – литріне 512 теңге.
Бензині ең арзан 5 штат
1-орын: Миссисипи (ең арзан). Миссисипиде бензин ең арзан – 369 теңге / литр.
2-орын: Оклахома. Оклахомада орташа баға – 376 теңге / литр.
3-орын: Луизиана. Луизианада 1 литр бензин – 378 теңге.
4-орын: Алабама. Алабамада – 379 теңге / литр.
5-орын: Техас. Техаста бензиннің орташа бағасы – 383 теңге.
Бұл салыстыру тек бензинге ғана қатысты болса да, халықтың нақты сатып алу қабілетін, тұтыну мүмкіндігін және жанама түрде өмір сүру деңгейін сипаттай алады.
АҚШ-та жалақы мен бензин бағасының арақатынасы азаматтарға әлдеқайда көбірек сатып алу мүмкіндігін береді. Бұл тек бір мысал болса да, ол америкалықтардың өмір сүру деңгейінің жоғары екенін білдіреді.
Ал Қазақстанда жанармай арзан болғанымен, жалақының төмендігі халықтың нақты тұтынушылық қабілетін шектейді. Демек, бензиннің бағасы ғана емес, табыс деңгейі мен оның сатып алу мүмкіндігі – өмір сапасының шынайы көрсеткіші бола алады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.