Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елді әбігерге түсірген коронавирустың таралу деңгейі қай уақытта төмендейтініне қатысты болжамын айтты. Оның сөзіне қарағанда, індет деңгейі 3-3,5 жарым аптадан кейін төмендеуі ғажап емес. «Әрине, баршаны бұл жағдайдың қаншаға дейін созылатыны алаңдататын шығар. Ешкім нақты жауабын білмейді деуге де болар еді, алайда өзге елдерде бұл індет қалай өтіп жатқанын көріп отырмыз. Егер бүгінге дейін табысты кейс ретінде Кореяны қарастыратын болсақ, оларда эпидемияның таралу деңгейінің ең жоғары болған сәті екі аптада байқалды. Содан соң төмендей бастады. Қытайда бұл мерзім үш аптаға созылды», – деді министр «Еуразия бірінші арнасына» берген сұхбатында.
Оның айтуына қарағанда, дерттің таралу деңгейінің бәсеңдеп, жағдайдың тұрақтануы 3-3,5 аптадан кейін байқалуы мүмкін. Министр сөзіне дәлел ретінде Еуропа елдеріндегі жағдайды атап көрсетті. Оларда індеттің жайылуы 3 апта шамасында бәсеңдеген. Дегенмен вирустың таралуын тежеуге карантиннің зор ықпалы тиіп тұрғанын да назардан тыс қалдырмау қажет. «Сондықтан карантинді ерте бастау маңызды емес, кешігіп қалмау маңызды. Сол себепті біз екі қаладағы карантиндік шаралар дер кезінде енгізілді деп есептейміз. Тіпті, сәл ертерек қимылдағандаймыз. Өздеріңізге мәлім, Еуропада карантин тым кеш жарияланды. Сол себепті оған сын айтушылар да мол болды. Тиісінше, індет масштабы да зор болғанын білесіздер», – деді Елжан Біртанов.Сонымен қатар министр карантин шараларының ерекшеліктерін де атап өтті. Оның айтуынша, вирусты жұқтырған адамдарда дерттің симптомдарын бірден аңғару қиын. Яғни, алдымен вирус өз белгілерін байқатуы керек. Сол үшін адамдарды 14 күнге карантинге жатқызады. Ал індет белгілері 5-тен 10 күн ішінде байқалатын болса керек. Сондай-ақ министрдің айтуынша, вирус жұқтырған адамдардың қанша кісімен кездескенін, оларға қатерлі індеттің жұққан-жұқпағанын анықтау да оңай емес. Сондықтан көптеген адамдарды карантинде ұстау қажет болып тұр. Ал қалалардың карантинге жабылуы вирустың өзге аймақтарға таралуының жолын кесу мақсатын көздейтін болса керек.
Дастан ДУМАН