Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы қаңтарда ересек тұрғындардың темекі тұтынуы туралы кезекті жыл сайынғы зерттеуін жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Сауалнама республиканың барлық облысында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілді. Оған 15 жастан асқан 12 000 үй шаруашылығының бір-бір мүшесінен қатысты.
Алынған нәтижелер көрсеткендей, тексерілген үй шаруашылығы мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 17,5% темекі шегеді, 2024 жылы бұл көрсеткіш 20,7% деңгейінде болған. Темекі тартушылардың үлесі ауылдық жерлерде – 19,1%, қалалық жерлерде – 16,7%. Жалпы, темекі шегетін халықтың 93,8% өнеркәсіпте шығарылған темекі түрін шегеді. Темекі тұтынатындар арасында ерлер 34%, әйелдер арасында 5% құрайды.
Ұлттық статистика бюросы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша, 2020 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Ересектердің темекіні тұтынуы жаһандық зерттеуі» (GATS) халықаралық әдістемесіне сәйкес еліміздің ересек тұрғындары арасында темекі тұтыну бойынша зерттеу жүргізеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.