Қымыз гастрофестивалі өтеді

Астанадағы «Қазанат» ипподромында 19-20 шілде күндері халқымыздың ежелгі әрі киелі сусыны – қымызға арналған бұрын-соңды болмаған көлемдегі «BaiQymyz – бапталған қымыз және ұлттық тағамдар» гастрофестивалі өтеді.

Қазақстанның барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысады. Іс-шара барысында жалпы көлемі 16 тоннаға жуық қымыз ұсынылады деп күтіліп отыр. Гастрофистивальге қатысу тегін болады.

Фестивальге 50-60 мың адам келуі мүмкін. Қонақтар екі күн бойы әртүрлі өңірлік қымыздан дәм татып, шипалы сусынның қасиетімен танысады. 

«Ең үздік қымыз» атағы үшін байқау фестивальдің басты оқиғасы болмақ. Сапасы мен дәмі үйлескен, дәстүрлі әдіспен дайындалған ең шипалы қымыз иелері қомақты жүлде қорына ие болады. Жүлде қоры – 45 миллион теңге:

• I орын – 20 млн теңге;

• II орын – 15 млн теңге;

• III орын – 10 млн теңге.

Қымызбен қатар шара аясында жылқы көрмесі, қазақи тұқымдарды таныстыру, ат әбзелдері жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ғылыми конференция және аукциондар өтеді. Бұл арқылы жылқы мәдениеті мен ауыл шаруашылығына тың серпін беру көзделіп отыр.

Фестиваль қонақтары Германия, Ресей, Қырғыз­стан елдерінен келген ғалымдар, дәрігерлер мен ветеринарлардың баяндамаларын тыңдап, қымыз капсулалау, ашыту технологиясы, сақтау әдістері сияқты заманауи тәсілдермен танысады.