Экологиялық мәдениетті арттыру және санитарлық нормаларды бұзудың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері мен «AMANAT» партиясының өкілдері бірікті. Акция шеңберінде мәслихат депутаттарының, полицияның қоғамдық көмекшілері мен партия белсенділерінің қатысуымен рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды рұқсатсыз төгуге жол бермеу және абаттандыру ережелерін сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Құқық қорғау органдары мен «AMANAT» партиясы өкілдерінің бірлескен жұмысы – қоршаған ортаны қорғау жолында мемлекет, «AMANAT» партиясы мен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы әріптестіктің жарқын үлгісі.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері санитарлық талаптарды бұзғаны және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 4 мыңнан астам семейлік әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ Шүлбі кентінде және Бесқарағай ауданының Шипалы көлі маңында «Таза жағалау» атты экологиялық акция өтті. Бесқарағай ауданында экологиялық бағдарлама аясында абаттандыру және тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан көшелеріндегі тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы техникамен шығарылды. Сонымен қатар Бесқарағай ауылында орталық стадион аумағында көрермендерге арналған орындар жөнделіп, сырлау жұмыстары атқарылды.
Экологиялық шараға ауылдың белсенді жастары мен тұрғындарынан құралған 30-ға жуық адам қатысып, туған өлкеге деген жанашырлықтарын нақты іспен дәлелдеді. Игі бастаманың басты мақсаты – ел ішінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару.
Жергілікті тұрғындар мұндай шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұруы ауылдың көркеюіне, тазалығына және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілік сезімінің артуына зор ықпал ететінін атап өтті.
Шараның басты мақсаты – су айдындарының жағалауын және халық көп жиналатын демалыс орындарын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, сондай-ақ тұрғындар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру. Бұл – тек тазалық шарасы ғана емес, сонымен қатар қоғамды экологиялық жауапкершілікке шақыру, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруды мақсат еткен бастама.
Акцияға жастар ұйымдары, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысты. Қатысушыларға арнайы қолғаптар мен қаптар таратылып, қалдықтарды сұрыптап жинау ұйымдастырылды. Өзен-көл жағалауларынан тұрмыстық қалдықтар мен пластиктер жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар экологиялық тақырыптағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, табиғатты қорғауға бағытталған жадынамалар мен парақшалар таратылды.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі, Жастар ресурстық орталығының маманы Ерсінбек Өрлеубек аталған акцияның мән-маңызын ерекше атап өтті.
– Бұл тек бірреттік тазалық шарасы емес. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуді көздейді. Біз табиғатты тұтынушы ретінде емес, оның бір бөлшегі ретінде қабылдауымыз керек. Әр азаматтың үлесі – ортақ игілікке бағытталған нақты әрекет. Жастардың белсенділігі мен тұрғындардың қолдауы бізді қуантады. Бұл – еліміздің ертеңі үшін жасалған жарқын қадам, – деді Ерсінбек Өрлеубек.
Шүлбі кентімен қатар, Бесқарағай ауданындағы Шипалы көл жағалауында да белсенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Жергілікті тұрғындар мен еріктілер өз күштерімен көл жағалауын қоқыстан тазартып, экологиялық ахуалды жақсартуға өз үлестерін қосты.
«Таза Қазақстан» – еліміздің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды бағдарлама. Ол еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде өткізіліп, қоғамда экологиялық мәдениет пен сананы қалыптастырудың маңызды құралына айналып келеді. Бұл бастама тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның қолдауын қажет етеді. Табиғатты аялау – әрбір азаматтың борышы. Тек біріге отырып қана біз қоршаған ортаны сақтап, келер ұрпаққа таза әрі жайлы өмір сүруге қолайлы табиғи орта қалдыра аламыз.
Ендеше экологиялық бағдарлама тек бір рет өткізілетін сенбілік емес. Бұл –таза және сау ортаны құруға бағытталған саналы қадам. Біздің еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін мысалмен көрсете отырып, ата-аналар балаларын да жауапкершілікке баулиды. Бағдарламаның терең білім беру мәні осыны білдіреді.
К.ЕСІМ