Жас суретшілер – жеңімпаз!

Елордадағы «Акварель» студиясының оқушылары Лондонда өткен беделді Golden Time Talent Festival 2025 өнер фестивалінде бірінші орын иеленді.

Фестивальге Ұлыбритания, Германия, Қазақстан, Польша, Франция, Түркия, Италия, Украина, Литва, Грузия және өзге де 25-тен аса елден 150-ден астам қатысушы жиналды. Іс-шара әйгілі екі алаңда – Triton Square және The Shaw Theatre сахналарында өтті.

Фестиваль аясында бейнелеу өнері, музыка, би және театр өнері ұсынылды. Қатысушыларды 14 елден келген халықаралық қазылар алқасы бағалады, ал көрермендер қатарында білім, мәдениет және өнер саласының өкілдері болды. Беделді байқауда елордалық «Акварель» студиясының оқушылары – Адият Жұмабай, Әмина Исламова, Димаш Өмірзақов, Жанар Меңдібаева және олардың тәлімгері, педагог Әлия Есілбаева бірінші орын иеленіп, британдық дипломдарға, жеңіс кубоктарына, алдағы халықаралық көрмелер мен өнер көрсетілімдерге эксклюзивті шақыр­туларға, сондай-ақ Top World Talents каталогына енді.