«Серпін» серпіліс тудырмады
«Серпін» серпіліс тудырмады
480
оқылды
О баста бұл жобаның мазмұны да, маңызы да жоғары болғаны рас. Үкімет арнайы грант бөліп, оңтүстіктің түлектерін солтүстікке жіберген еді. Бағдарлама ашылғанына да алты жылға жуықтады. Түлектердің алды диплом алып, бір-бір мамандықтың иесі атанды. Алайда бұл бағдарлама діттеген жеріне жете алды ма? Осыдан алты жыл бұрын елімізде «Сер­пін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағд­ар­ла­ма қолға алынған еді. Бұл студенттерге ар­налған еліміздегі экономикалық жә­не әлеуметтік мәселелерді шешуге тап­тыр­мас тетік болады деп сенгенбіз. Бағ­­­дарламаның мақсаты – оңтүстік тү­лек­терін солтүстік аймақтарда тегін бі­лім алуға және әрі қарай еңбек етіп, бір­жола тұрақтап қалуына жағдай туғызу бо­латын. Мұның бір себебі түстіктегі жұ­мыссыздық деңгейін азайтып, те­ріс­­кейдегі еңбек нарығын реттеуге, ма­ман тапшылығын жоюға таптырмас мүм­кін­дік делінген. Алайда бұл бағдарламаның идеясы жақ­сы болғанымен, орындалуы дұрыс бол­май тұрған секілді. Соңғы кездері «Сер­пін» бағдарламасы бойынша бі­лім алған жастардың елу пайызы өз өңір­ле­ріне кетіп қалған. Бұл – бір ғана Пав­лодар облысындағы жағдай. Мұнда 2017 жылы 67 адам оқу орнын аяқтаған екен. Соның 50 пайызы жұмыс істеуге қа­лыпты. Қалғаны еліне қайтқан секілді. Кезінде Мұрат Әбенов әлеуметтік же­лідегі парақшасында: «Қазіргі таңда жобаға 17 мыңға жуық жастар қатысуда. Биыл 2 мыңға жуық серпіндіктер оқуды тамамдайды. Мамандық алып шыққан қыз-жігіттердің мәселесін бүгіннен бас­тап шешу жолдарын қарастыру қажет. Қа­зіргі кезде жоба аясында жастарды бі­лім алуға барған аймақтарда жұмыс ор­нымен қамтып, тұрғын үй мәселесін ше­шу секілді тақырыптар ашық қалуда. Мұ­н­ы тез арада шешпесек болмайды» де­ген еді. Қоғам белсендісі көтерген бұл мәселе шешімін таппаған секілді. Тұ­рақты жұмыс табылмай, баспанасыз бол­ған соң, амалсыз кері қайтпағанда не істесін?! Бүгінде екі мыңға жуық серпін­діктер дипломды маман атанды. Олар теріскейдегі еңбек нарығында маман тапшылығын жоюға септігін тигізіп отыр ма? Сенатор Мұрат Бақтиярұлы «бұл жобаның тиімді тұсы көп болғанымен, кемшіліктері де аз емес», – дейді. «Теріскейде оқу бітірген түлек­терге жұмыс тауып беру жағы кем­шін түсіп жатыр. Ол бағдарлама ашыл­ған тұста жұмыспен қатар, тұр­ғын үй мәселесін шешу де жос­парға енгізілген еді. Алайда бұл мақсаттар орындалмаған сыңайлы. Оқуға түскен студенттердің көп­шілігі оқуын бітірген соң еліне қайтып кетіп жатыр. Ал бағдарла­ма сол студенттердің тұрақтап қалуы­на жағдай жасауды мақсат тұтқан еді», – дейді сенатор. «Серпіндіктерге» жергілікті әкім­діктен жеңілдіктер жасалуы қажет еді. Еңбек нарығында маман тапшы дейтіндер дайын жұмыс күшін неге пайдалана алмады деген сауал туындайтыны рас. «Үкімет әлі де осы жағын ескеруі керек. Ұл-қыздың сол өңірде сіңісіп қалуына жағдай жасасақ, бұл бағдарламадан ұтарымыз көп болар еді», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.    width= Әзірге «Серпіннің» білім беру сапасын сынға алып жатқан ешкім жоқ. Алайда білім беру бір бөлек те, тұрақтап қалу бір бөлек. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына бағ­дар­лама басталғалы бері 1 743 сту­дент келген. Мемлекеттік бағдар­лама қатысушыларына арнайы бі­лім гранты беріліп, бірқатар әлеу­меттік жеңілдіктер де жасалған. Соған қарамастан, соңғы 3 жылда «Серпінге» сұраныс төмендеген. Мәселен, 2019 жылы Петропавлға бар-жоғы 50 студент келіпті. Үгіт-насихат кемшін түсіп жатыр ма, әлде студенттерге берілген уәде тиісті деңгейде орындалмауы себеп болды ма, «Серпіннен» күткен сер­піліс бәсеңдеп барады. «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кері. Депутат Кәрібай Мұсырман: «Сер­пін» әлеуметтік жобасы бо­йынша университеттер мен кәсіп­тік-техникалық колледждерді та­мамдаған түлектердің өздері білім алған жерлерінде жұмысқа орна­ласуы қанағаттанарлықтай емес. 2018 жылы ЖОО бітірген алғашқы түлектердің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған. Осы орайда, «Серпін» әлеу­меттік жобасымен жұмыс күші ар­тық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші аз өңірлерге қоныс аудару мақ­саты біреу болғанымен, олардың арасында сәйкессіздік бар. «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының мектеп түлектерін басқа тоғыз об­лыста оқыту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша атал­ған облыстардан қоныс ауда­ру­шыларды қабылдаушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы әрі де­мографиялық жағдайы мәз емес төрт облыс анықталған», – дейді. Тіпті, аталмыш бағдарламамен оқып жатқан студенттердің жатақ­хана мәселесі де толыққанды ше­шілмеген көрінеді. Петропавл қа­ласында студенттер пәтер жалдауға мәжбүр болған екен. Пәтер жалдап тұрған студенттің диплом алған соң біржола тұрақтап қалмасы белгілі. Ішкі көші-қонды реттеу мәсе­лесі әлі күн тәртібінде. Оны ше­шудің тиімді жолының бірі – «Сер­пін». Осыған орай, бір топ сенатор Үкіметте депутаттық сауал жолда­ған. Олар сауалында: «Тәуелсіз елі­міздің либералды ұлттық, көпэт­носты шиеленіссіз қоғам ретінде дамыту үшін елде өмір сүріп жатқан түрлі этникалық топтардың инте­грациясы мен олардың біртұтас мем­лекет құрушы ұлттың айна­ла­сына жұмылуына бағытталған сая­сат жүргізудің кешенді іс-ша­ра­лары қабылдануы керек деп есептейміз. Оның ішінде этникалық топтардың қоныстық, социомәдени, ағарту­шы­лық, оқшаулануына жол бермей­тіндей сипатта ұйымдастыру, түрлі этникалық топтың өкілдері арасы­нан халық саны көп аймақ­тардан тұрғындары аз өңірлерге қо­ныс аудару бағдарламасына, ең­бек көші-қонына қатысушыларды ынталан­дыруда қарастырылуы ке­рек. «Сер­пін» бағдарламасын да тиімді пай­даланған жөн. Сонымен бірге этностар тұратын жерлерге мем­лекет әрдайым мониторинг жасап, ондағы ономастика, тіл және т.б. қордаланған дүниелерді бақы­лап, сараптап отыру қажет» деген еді. Осы орайда, «Серпінді» неге тиімді пайдаланбасқа? Серпіліс тудыратын кезең жетті. Әйтпесе, бұл жобаға сұраныс азайып кетеді. Сұраныс азайған сайын бұл бағдар­ламаның да мәні кете бастайды. Тү­лектер тегін білім алу үшін ұмтыл­маса, тұрақтап қалмасы анық. Онда бұл жобаның ұтымды тұсы қайсы?  

 width=Гүлзина БЕКТАС