Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, сазгер, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Исраил Сапарбай ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан дарынды қаламгер еді. Ұлттық поэзия мен драматургияда өзіндік қолтаңбасын қалдырып, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнімді еңбек етті. Қалың оқырман өміршең туындыларымен қатар ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалады. Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды, – деп жазылған жеделхатта.
Исраил Сапарбай – қазақ поэзиясының сыршыл өкілі, драматургияда өзіндік үні бар қаламгер. Ол – Тәуелсіз “Платиналы Тарлан” сыйлығының иегері, ел есінде поэтикалық тереңдігімен, әнге айналған өлеңдерімен және театр сахнасында өмір сүрген пьесаларымен қалған тұлға.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.