Қазақстан Президенті жанындағы Төтенше жағдайлар режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында осы жылдың 17 наурызының қорытындысымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізілді. Ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан армиясы аталмыш шараға тартылды. Қарулы Күштер осы жағдайға алдын-ала кешенді іс-шаралар жүргізіп, жүктелген тапсырманы орындауға кірісіп кетті. Аса маңызды мемлекеттік және әскери нысандардың күзеті күшейтілді. Әскери қызметшілер Ұлттық гвардия және полиция бөлімшелерімен бірігіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдеуге қатысады.
Карантинді аймақ бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы байланыс және қиылысу пунктерінде десанттық шабуылдау әскерлері мен бітімгершілік полкі тәулік бойы қызмет етеді. Осы мақсатты орындауда келісімшарт бойынша, арнайы даярлықтан өткен, осындай іс-қимылда тәжірибесі мол әскери қызметшілер жұмыс істейді.Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің дайындығына ерекше көңіл бөлінді. Зақымдану қаупі бар аумақтар мен нысандарды арнайы өңдеу үшін жасақтар құрылды. Дезинфекциялау үшін қажетті реагенттер қоры бар 1 автомобиль құю станциялары (АРС-14KZ) әзірлікке келтірілді. Жергілікті объектілерді өңдеу үшін жеке газсыздандыру жиынтықтарын (ИДК-1) қолдану жоспарланып отыр.