"Біздің күшіміз – бірлікте, ауызбіршілікте" – Бақытжан Үсенова

Жезқазған мыс балқыту зауыты – әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі. Зауыт "Қазақмыс" мыс балқыту бөлінісі "Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)" ЖШС құрамына кіреді. Жарты ғасыр ішінде өндірісті дамытып қана қоймай, жаңғыртып, жаңа технологияларды енгізіп, "Қазақмыс"тобының жетекші кәсіпорындарының біріне айналды.Кәсіпорынның мұндай дәрежеге жетуі – ең әуелі қарапайым жұмысшылардың жанқиярлық еңбек етіп, тер төгуінің арқасы.

 Сондай қызметкердің бірі – Бақытжан Үсенова. Ол – ғұмырын қара жұмысқа арнаған. Мыс балқыту зауытынан зейнетке шығып, еңбек ардагері атанған жан. 

Оның айтуынша, ол зауытқа бірден келмеген. Бұған дейін сауда саласында 18 жыл жұмыс істеген. 

"Әуелден бітіргенім – өндіріс өнімдерін сату.  Сол салада 18 жыл жұмыс істеп, Құрмет грамотасын алдым. Кейін бәрі жекеменшікке өтіп, күнкөрістің қамы да қиындады. Ол жақта да істеп көрдік, ұнамады. Тұрақты табысы бар жұмыс іздей бастадым.

Бұрын үлкен кісілер, әкеміз "Біз өлген соң, ертеңгі күні біріңді-бірің танымай кетесіңдер, біліп жүріңдер, көмектерің тиер" деп, бала болсақ та бір-бірін таныстырып, ағайын-туғанның басын қосатын. Қазір ойласам, әкеміздің сонысы дұрыс болған. Сол ағайындардың бір баласы металлургия саласында жұмыс істеді. Содан көмек сұрап барып едім, "бас салып, сені біреудің орнына қоя алмаймын. Орын босап жатса, бағыңды сынап көр”, - деді. 

Ол кезде біз Рыбачиде елді мекенінде тұрамыз. Ол кезде жолақысы түгілі, азық-түлік алатын ақша болмады. Қарызға жаздыртып алатын едік. Жұмыс орны шығып қала ма деп жарты жыл бойы минзаводқа жаяулатып барып жүрдім. Сөйтіп, қарашаның 4-і күні жұмысқа тұрып, оның ішінде АДК-ға кірдім. Іші деген үлкен, қай жағынан кіріп-шығатынын да ұқпайсың. Онда үш ай сынақ мерзімі, оған ақша да төлемейді. Жұмысшылардың арасында, әсіресе асханада істейтіндердің ішінде бұрынғы таныстар болды. Солардан шай, қант, сұйықмайды сұрап, майлық, сүлгіге айырбас жасадық. Төрт күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз. Сөйтіп, сынақтың үш айын өткізіп, қатарға жұмысқа алындық, – деді ол.  

Оның айтуынша, цех тынымсыз жұмыс істеп, белгіленген межені уақытында орындап отырған. Ол карьерге жауапты болған. "Біздің цехтағы 13 учаске, соның ішінде мен біреуіне жауаптымын. Жалпы, соның бәрі үш адамға ғана жүктелген. Мәселен, фабрикадан байытылған концентрат келеді, біз 5-қабаттағы биіктіктегі штабельге жеткізілуін бақылаймыз", - деді Бақытжан Әбжанқызы өткен күндерді еске алып.

– Біздің жұмыс күйіп жатады. Мысалы, сағат 4-ке дейін 300 тонна концентрат беру керек, соны орындап болдық дегенде, тағы 300 тонна тапсыру керек деп шығады. 2 сағатта қалай бітіресің, содан "ученик" болсам да, жүктеменің көптігін айтып, наразылық білдірдім. Сол кезде цехтың басшысы Рахметов деген оңтүстіктің жігіті еді.  Хронометраждың не екенін қайдан білесің деп шығады, оны түсіндіріп әбден әлек болғанмын. Адамнан айла қала ма?  Кейбірі өлшемін көбірек көрсету үшін ішіне кірпіш салып жібергендер де болды. Содан хронометраж, яғни тізіп есепке алуды ұсындым. Яғни, кім, қанша уақытта, неше концентрат дайындайтынын қадағалайтын болдық.  Сөйтіп, жұмысты реттеп жолға қойғанымыз бар", - дейді ол. 

Бақытжан Әбжанқызы 1998 жылы қызын дүниеге әкелген. Ал үлкен ұлы – 1985 жылғы. Қазір сол Мыс балқыту зауытында жұмыс істейді.

– Ол кезде өздеріңіз білетіндей, ешқандай жәрдемақы, төлемақы берілмеген. Үлкен ұлымды Алматыға оқуға жіберіп, жиенімнің қолында тұратын болды. Екі жылдан кейін 2005 жылы отбасымызбен ұлымызға барып қайтуды ойладық. "Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан" демекші, профкомға демалысқа шыққалы жатырмын. Сіздерде путевка бар ма деп едім, "Әрине, тез анализдеріңді тапсыр, ертең шығып кеуің керек" деді.  Алматыға жол тартып кеттік.

Өкінішке қарай, сол жақта күйеуімнің жүрегі ұстап, қаза тапты. Содан Жезқазғанға қайтып келдік. Қыз – 7 жаста, ұл – 21-де. Бәрі өз мойныма қалды. Жалақысы көбірек жұмысқа ауыспақ болып, ЦПШ-дан іздестірдім. Сұрастыра келе бір келіншектің цехтың жұмысын ауырсынып жүргенін естіп, сонымен орнымызды алмастырдық. Ол жақтың жұмысы ауыр болса да, істеуге тура келді. 

"Жығылғанға жұдырық" демекші, осындай жағдайда жүргенімде баспана үшін күйеуімнің туыстарымен соттасып, 3 жылдай жүрдім. Сол аралықта жұмыста не болып, не қойып жатқанын білмедім. Бар ісім осы сотпен еді. Ақырында жеңіп, үй өзімізде қалды. Күйіп тұрған жұмыста босаңсу қайдан болсын. Соттан кейін жұмыстан шығармын деп ойладым. Сөйтсем жұмыстағылар да, басшылық та менің жағдайымды біліп, түсіністікпен қараған, - деді Бақытжан Әбжанқызы.

Айтуынша, жұмыс барысында түрлі жағдай өткен. Бірақ қиындықтың бәрін өткеруге жұмыстағы ауызбіршілік, бірлік көмектескенін сөз етті.

– Жұмыс барысында не болмайды, бәрі өтті. Жалақы кешіктірілді, комбинаттың дәуірі өтіп, жабылуға келді. Қайта жанданды. Осының бәрін бастан кешіктірдік. Біріншіден, басшылар әділетті де, әр қызметкерге адалдық танытты. Бұрын қасымызда "тәте, айтыңызшы, сіздің ұлыңызбын ғой" деп үйреніп жүрген балалар еді. Кейіннен баламызбен қатар балалар қызметке келді, өсті, өнді. Одан біз жаман болмадық. Жалпы, әрбір жұмысшы өз ісінің маманы болуы керек. Себебі әр кәсіпте адамның бойындағы біліктілік пен кәсібилік бағаланады. Ал біздің зауытта әрбір жұмысшы өз ісінің қайраткері. Осы күнде еңбегіміздің еленгені жұмысшылардың ауызбіршілігі мен бірлігінің арқасы, – деді ол.