Балалар келмейтін балабақша тәрбиешілерін ақылы еңбек демалысына жіберу қажет – Асхат Аймағамбетов
Балалар келмейтін балабақша тәрбиешілерін ақылы еңбек демалысына жіберу қажет – Асхат Аймағамбетов
Фото: Интернеттен алынды
236
оқылды
Төтенше жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігі қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігі қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтан жұмыс істейтін форматқа көшті, арасында еңбек демалысына шыққандар да бар. Бұл шешім, ең алдымен, созылмалы ауруы бар, жасы зейнеткерлікке таяған және үйінде кішкентай балалары бар әріптестерге қатысты. Білім және ғылым министрлігі 14 наурызда қабылдаған №108 бұйрығына сәйкес мектеп каникулы кезінде мұғалімдердің 100 пайызы және қашықтықтан оқыту барысында колледждер мен ЖОО-ның оқытушылары қашықтықтан жұмыс істеуі тиіс», – деді министр. Сондай-ақ, оның айтуынша, қосымша білім беру, ПМПК, КППК қызметкерлеріне қатысты қосымша шешім қабылданды. Қазіргі кезеңде оларды ақы төленетін еңбек демалысына жіберу ұсынылды. «Ата-аналар бүлдіршіндерін апармауды ұйғарған топтарда жұмыс істейтін балабақша қызметкерлеріне де ақылы еңбек демалысын беру қажет. Сонымен қатар, білім және ғылым саласындағы басшыларды ұйымның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын мамандардан өзге барлық қызметкерлерін ақылы еңбек демалысына жіберуге немесе қашықтықтан жұмыс істеу форматына ауыстыруға тапсырма бердім. Біз үшін азаматтарымыздың денсаулығын сақтауды ойлау және инфекцияның таралу тізбегін тоқтатуға күш салу маңызды. Бұл ретте өзін-өзі оқшаулауды қамтамасыз ету, қоғамдық орындарға бармау өте маңызды», – деді Асхат Аймағамбетов.