Шымкенттегі оң істер

Табиғат – адамзатқа берілген ең үлкен аманат.

Алайда соңғы жылдары экологиялық қауіптер мен климаттың өзгеруі бізден нақты әрі батыл әрекеттерді талап етіп отыр. Осы ретте «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді және ұзақмерзімді бағдарлама ретінде айрықша маңызға ие.

«Таза Қазақстан» бұл жай ғана сенбілік іс-шарасы емес. Бұл – мем­лекет, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен күшімен жүзеге асып жатқан үлкен экологиялық қозғалыс. Аталған бағдарлама еліміз­дің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған және бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Акция ая­сын­да қалалар мен ауылдарды тазалау, көгалдандыру және жасыл аймақтарды кеңейту, су айдындарын қалпына келтіру, экологиялық білім беру мен тәрбие жайы қамтылады. Бұл бастама тек табиғатты қорғауға емес, сонымен қатар халықтың денсаулығын жақ­сартуға, туризмді дамытуға және халық­аралық беделімізді арттыруға бағытталған.

Сәуір айында өткен «Таза Қазақ­стан» экологиялық фестиваліне қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза­лық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйт­кені «Таза Қазақстан» – бұл бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салты­мыз», – деп атап өтті. Бұл үндеу халық­тың экологиялық жауапкерші­лігін арттырып, табиғатқа деген қам­қорлықты өмірлік дағдыға айнал­дыруға шақыру болды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласында ауқымды таза­лық жұмыстары тұрақты түрде өткі­зілуде. Мәселен, Сәуле шағынаудан­ында ұйымдастырылған сенбілікке 250-ден астам тұрғын мен коммунал­дық сала қызметкерлері жұмылдырыл­ып, 15 тоннадан астам қоқыс шығар­ыл­ды. Мұндай жұмыстар қаланың кел­бетін жақсартып қана қоймай, тұр­ғын­дардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуде.

Сондай-ақ Қазығұрт шағынау­данында заңсыз қоқыс тастау дерек­терін болдырмау мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары мен қоғамдық белсенділер бірлесе отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушыларға ескерту беруде. Ескертуге мойынұсын­ба­ған­дарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 78 640 теңге көлемінде айыппұл салы­на­ды.

Дегенмен кей жағдайларда тұрғын­дар­дың заңсыз қоқыс тастауына инфра­құрылымның жеткіліксіздігі себеп болып отыр. Қалдықтарды заң­ды түрде тапсыру үшін арнайы полигондармен келісімшарт қажет. Бұл қарапайым еріктілер үшін қиын­дық тудырады.

Белсенді азамат Сүлеймен Қам­баров­тың айтуынша, Қазығұрт ша­ғын­ауданында қоқыс шығару жұмыс­тары екі мекеме арқылы атқарылады. Коммуналдық қызметтер ішкі көше­лерді тазаласа, «Бастау 03» ЖШС ірі көл­емді қалдықтарды жинаумен айна­лы­сады. Алайда олардың жұмысы кей­де уақытылы орындалмай, тұр­ғын­дардың наразылығын туғызады. Әкім­діктің араласуынан кейін бұл мәселе реттеліп, қазіргі таңда қоқыс шығару жұмыстары тұрақты жолға қойылған.

Рейдтік шаралар мен сенбіліктер экологиялық тәртіпті қалыптас­тырудың бір бөлігі ғана. Ең бастысы, әрбір азаматтың табиғатқа деген мә­дени көзқарасын тәрбиелеу. Таза­лықты сақтау тек айыппұлдан қорқу емес, ол әрбіріміздің борышымыз.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы