Сенаторлар семинарға қатысты

Парламент Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Марат Қожаев «Қытай – ШЫҰ» парламентшілеріне арналған «ШЫҰ-ның біртұтас тағдыры қауымдастығын қалыптастыру мақсатында заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту» тақырыбы бойынша өткен семинарға қатысты.

Қазақстандық сенаторлар семинар барысында басқа елдерден келген әріптестерімен бірге өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде заң шығару органдары арасында тәжірибе алмасу мақсатында тұрақты тұғырнама құру, мемлекеттік басқару саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, экономика мен сауда саласында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған БҰҰ-ның күн тәртібін жүзеге асыруға жәрдемдесу, «Шанхай рухын» ілгерілету және жаһандық басқару жүйесіне ұйымның қосқан үлесі туралы тақырыптар бар.

Дархан Қыдырәлі қазіргі әлем бастан кешіп жатқан қарқынды трансформациялар жағдайында осы семинардың ерекше мәні мен маңызы бар екенін атап өтті. Бұл шара Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің заң шығару органдары арасындағы тәжірибе алмасу мен өзекті мәселелерді шешуде жалпы тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін ерекше алаң.

«Орнықтылықты қамтамасыз ету мен стратегиялық шешімдерді жүзеге асыруда заң шығару органдары шешуші рөл атқарады. Біз халықтардың өкілі ретінде сенім ахуалын қалыптастыра аламыз, идеялар алмасуға жәрдемдесеміз, ШЫҰ бастамаларын қоғамдық қолдау үшін тұғырнамалар құра аламыз. Сондай-ақ оны қоғамда тереңдету үшін қолайлы саяси орта қалыптас­тыра отырып, көпсалалы ынтымақтастықтың маңыздылығын түсінуге жәрдемдесе аламыз.  Заң шығарушы органдар арасындағы диалогті дамыту елдеріміз бен халықтар арасындағы ынтымақтас­тықты нығайтуға елеулі үлес қосады», – деді Дархан Қыдырәлі.

ҚХР-ға сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Пэн Цинхуамен кездесу болды. Тараптар кездесу барысында ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстандық депутаттар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болып, Зумрат Обул өңірінің Халық Өкілдері Жиналысының Тұрақты комитетінің директорымен кездесті.