Құқығын білген азамат – қоғам тірегі

Кез келген мемлекеттің егемендігі мен елдігінің дәлелі – оның заңнамасы.

Бірақ заңның болуы бір бөлек те, оның іс-жүзінде орындалуы бір бөлек. Әрбір азамат өзі өмір сүріп жатқан қоғамда өзінің құқығын жетік білсе, бұл сол мемлекеттің өркендеуіне негізгі кепіл болмақ. Сондықтан болар «Ата заңы» адамды бас­ты капиталы деп танитын Қазақстанның құқықтық үстемдік орнатуға ұмтылуы заңды құбылыс. Бүгін елімізде 3,5 мыңнан астам заңгер, адвокат, нотариус пен заң факультеттерінің студенттері халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп отырғаны да мемлекеттің осынау бір саясатының нәтижесі деп білеміз.

Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 9 мыңнан астам азамат кеңес алған. 2024-2026 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жол картасы аясында Ұлттық және 20 өңірлік фронт-кеңсе жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде волонтерлердің қатысуымен 27 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе жоғары нәтиже.

Наурыз айында басталған «Жақсылық жаса» марафоны еліміздің барлық өңірлерін де жалғасын табуда. Осы уақыт ішінде әлеуметтік, экологиялық және мәдени бағыттарда 1 600-ден астам қайырымды іс жүзеге асырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ТМД елдері волонтерлерінің форумын ұйымдастыруға арналған халық­аралық ереже дайындалып, соның негізінде жыл сайынғы Волонтерлер форумы өткізіліп келеді. Бұған қоса, Қазақстан 2026 жылы өтетін Халықаралық волонтерлер жылына белсенді түрде дайындалып жатыр. Жыл басынан бері еліміздің әртүрлі өңірлерінде 10 мақсатты топтың кездесуі ұйымдастырылды. Сондай-ақ екі отандық ерікті Түркия мен Тайландтағы халықаралық хатшылықтарға жолданды.

Бүгінде еріктілер қозғалысы еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамның қозғаушы күшіне айналып келеді. Олар балалар мен қарттар үйлерінде қамқорлық танытып, құтқару операцияларына атсалысып, түрлі оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруда. Тіпті, төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында да белсенді ақпараттық жұмыстар жүргізіп жатыр.

Волонтерлердің бұл бастамалары Qaz­volunteer.kz онлайн-платформасы ар­қы­лы жүйелі түрде үйлестіріліп отыр. Бүгінде платформада 3,7 мыңнан астам ұйым мен 1,2 мыңға жуық жоба тіркеліп, ел игілігіне қызмет етуде. Бұл – азаматтық қоғамның белсенділігі мен еріктілік мәдениетінің жаңа сатыға көтерілгенінің айқын дәлелі.

Сонымен қатар елімізде ұлттық құнды­лықтарды сақтай отырып және халықаралық стандарттарды ескеріп, гендерлік саясат пен отбасын қолдау бағыты бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, 2024 жылы Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң күшіне енді. Бұл шара отбасылық саясатты дамыту үшін маңызды қадам болды. Аталған заң аясында Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта қаралып, олар бірыңғай үлгі бойынша жұмыс істей бастады. Орталықтар саны 33-тен 124-ке дейін үш есе артты. Жыл басынан бері бұл орталықтарға 100 мыңнан астам адам жүгінген, ал 5 мыңнан астам отбасыға жан-жақты қолдау көрсетілген.

Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ОҚО-лардың жұмыс процестерін цифрландыру енгізілді. Жақын арада «Ата-аналар академиясы» – Ata-ana.kz онлайн плат­формасы іске қосылады.

Отбасыдағы әке мен ананың рөлін арттыру жұмыстары жалғасуда. Аналар күніне орай еліміздің барлық өңірінде отбасын нығайтуға және әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындауға бағытталған мыңнан астам іс-шара өтті. Әкелер күні қарсаңында Астанада «Әке. Отбасы. Қоғам» атты X Республикалық әкелер форумы өтті. Оған белсенді ата-аналар, сарапшылар және қоғам өкілдері қатысты.

Бұл қадамдар Қазақстанның әрбір азаматы тең құқық пен мүмкіндіктерге ие болатын әділетті әрі қауіпсіз қоғам құруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

Ә.МҰХАНБЕТ