Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров пен депутат Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Депутаттар өткен парламенттік сессияның негізгі қорытындылары, заңнамадағы кейінгі өзгерістер және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, азаматтардың құқығын қорғау және сот төрелігі жүйесін жетілдіру жөніндегі түзетулерге ерекше назар аударылды. Қала тұрғындары қалалық инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар құрылысы, коммуналдық қызмет, абаттандыру, бизнесті дамыту, білім беру және денсаулық сақтау туралы сұрақтар қойды. Сенаторлар Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Момынов пен Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысымен танысты, жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету колледжінде де болды. Олар оқу орнының материалдық-техникалық жабдықталуы туралы хабардар болды, аудиториялар мен зертханаларды көріп, педагогтермен және студенттермен әңгімелесті.
Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Жамбыл облысындағы Меркі және Қордай аудандарында болды. Меркі ауданында жылу қазандықтардың жай-күйімен және жылыту маусымына дайындықпен танысты. Олар А.Қосанұлы атындағы №18 орта мектептің жылу құбырын ауыстыру жұмысына куә болды. Мұнда бүгінде жұмыстың 80%-ы орындалды. Депутаттар сондай-ақ «Ауыл аманаты» бастамасы аясында жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлермен де кездесті. Депутаттар Екпінді ауылында жеңілдетілген тәртіппен қаржы алған бизнестің даму барысымен танысты. Андас батыр ауылында сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығына арналған негізгі нысан – суару каналының құрылысын көріп шықты. Сенаторлар Қордай ауданында аудандық орталық аурухана мен Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназияда болып, білім беру және денсаулық сақтау сапасы мәселелерін талқылады, сондай-ақ алдағы жылыту маусымына қазандықтың дайындығымен танысты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға да ерекше назар аударылды. Депутаттар сондай-ақ Қарасу және Қаракемер ауылдарындағы жаңа білім ұясының, сондай-ақ Сортөбе ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектепте қазандықтың құрылысымен танысты.
Сенат депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысындағы денсаулық сақтау саласының жай-күйімен танысты. Ол бірқатар медициналық ұйымдарда болып, басшылары және мамандарымен саланың қазіргі жағдайы, сондай-ақ оның одан әрі даму келешегін талқылады. Атырау облыстық перинаталдық орталықта аналар мен балаларға көмек көрсететін мекеменің қызметі жан-жақты таныстырылды. Дәрігерлермен кездесу барысында мамандармен қамтамасыз ету, техникалық жарақтандыру және көрсетілетін перинаталдық көмектің сапасы туралы мәселелер қозғалды. Сенаторға өңірдегі денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы мен жоспарланған жобалар туралы ақпарат айтылды.
Сенат депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Орал қаласында Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары Ерболат Ибрайхановпен бірге әкімдіктің, «Қазсушар» РМК және фермер қожалықтары өкілдерінің қатысуымен су шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Онда суару инфрақұрылымының жай-күйі, су тапшылығы және су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу туралы саланың ағымдағы мәселелері талқыланды. Сенатор Арман Өтеғұлов аграрлық секторды сумен тұрақты қамтамасыз ету жүйелі тәсілді, мекемеаралық өзара іс-қимылды және заңнамалық деңгейде қолдауды талап ететінін атап өтті. Сенатор Ләззат Рысбекова фермерлермен және су пайдаланушылармен тығыз диалог жүргізу қажетін атап өтті.
Сенат депутаттары Жанна Асанова мен Нурия Ниязова Алматыдағы басты спорт нысандарының басшыларымен кездесті. Онда «Алматы қаласының спорт ғимараттарының дирекциясы» ЖШС басшылары, сондай-ақ «Спорт-жаттығу кешені», «Орталық стадион» және биік таудағы «Медеу» мұз айдыны сияқты көрнекті нысандардың басқарушылары талқылауға қатысты. Сенаторлардың айтуынша, еліміздегі халық ең көп баратын спорт кешенін жаңғырту кезінде экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен келушілерге қолайсыздық туғызбауға ерекше назар аудару керек. Кездесуге қатысушылар «Медеуді» бұқаралық және балалар спортын дамытуға бағдарланып, келешекте әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізе алатын халықаралық спорт және туризм орталығына айналдыру ісін талқылады.
Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің жұмысымен, жеке құрамның қызметімен және негізгі бөлімшелерімен танысты. Құқық қорғау органдарының деректері бойынша облыста тұрақты ахуал сақталып отыр. Интернеттегі алаяқтық, есірткінің заңсыз айналымы, жастар арасында діни бүлдіргі идеялардың таралуы, сондай-ақ әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау басты назарға алынды. Сенатор қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алудағы және азаматтарды қорғаудағы полицияның маңызды рөлін атап өтті. Ол жергілікті құқықтық тәртіп органдарының тиісті материалдық-техникалық жарақтандырылғаны және жұмысына лайықты тұрмыстық-әлеуметтік жағдаймен қамтамасыз етілгеніне тоқталды. Депутат 10 мыңнан астам камерасы бар бейнебақылау жүйесімен жабдықталған жедел басқару орталығында да болды.
Сенаторлар Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Алматы қаласының таулы аймағындағы мұздық көлдер мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйімен танысты. Мұздықтардың күрт еруі кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу, инженерлік құрылыстарды жаңғырту, жағалау сызығын нығайту және алдын алу шараларын уақтылы жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Амангелді Толамисов гидротехникалық инфрақұрылымды күтіп-ұстауға және дамытуға тың көзқарас керек екенін айта келіп, климаттың өзгеруі мен халық санының өсуі жағдайында мегаполистің тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Олар «Қазтелерадио» АҚ-да болып, «Көктөбе» телемұнарасының жұмысымен танысты. Ғалиасқар Сарыбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясында болды. Онда үміткерлерді іріктеу рәсімдерімен, қызметкерлерді даярлау мен қайта даярлау жөніндегі білім беру бағдарламасымен, тәрбие жұмысы және академияның материалдық-техникалық базасымен танысты.
Сенатор Айнұр Арғынбекова Абай облысындағы Абай және Бесқарағай аудандарында болды. Онда ауылдағы дәрігерлік мекемелердің жай-күйіне және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға назар аударылды. Депутат Абай ауданында болған кезде Орда, Медеу және Саржал ауылдарындағы жаңа фельдшер-акушерлік бекеттердің жұмысымен танысты. Дәрігерлік мекемелер ұлттық жобаның арқасында салынып, пайдалануға берілген болатын. Алайда аумақты абаттандыру, септик салу, ішкі үй-жайларды жарақтандыру мәселелері шешілмей отыр. Депутат Бесқарағай ауданында Канонерка, Беген, Бостал және Қарабас ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың жағдайымен танысты. Бородулиха аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесуде Сенаттың үшінші сессиясының қорытындылары туралы хабардар етті. Сонымен қатар Камышенка ауылында 100 орындық демалыс орталығы құрылысының барысымен танысты. Сенатордың айтуынша, мұндай жобалар ауылдық аумақтардың мәдени әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай, Қатонқарағай және Үлкен Нарын аудандарында жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және тұрғындармен кездесті. Өңірде салынып жатқан нысандардың сапасы, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландыру мәселелері кездесудің басты тақырыбы болды. Депутат сонымен қатар Полянское ауылындағы сүт фермасында, Алтай Хамир» жаңа туристік базасының құрылыс алаңында болды. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда және келешекте тұрғындардың отбасылық демалыс орнына айналуға тиіс. Депутат сонымен қатар Қатонқарағай ауданында су құбырын жаңғырту жұмысымен де танысты. Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шемонаиха ауданында болды. Олар жұмыс сапары барысында бірқатар инфрақұрылымдық және өндіріс нысандарын аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Сенаторлар Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Қармақшы және Қазалы аудандарында болып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру барысымен танысты. Халықпен жүздесулерде өзекті мәселелер талқыланды. Депутаттар Қармақшы ауданында Дүр Оңғар, Иіркөл және Төребай би ауылдарында газ жеткізу барысына назар аударды. Сенаторлар күрішті өңдеуге маманданған «Жаңажол» ЖШС-да болды. Онда технология үдерісі, еңбек жағдайы және өндіріс көрсеткіштерімен танысты. Депутаттар республикалық маңызы бар ескерткіш орналасқан Жанкент ауылында жергілікті тұрғындармен, мәдениет және білім саласының өкілдерімен кездесті. Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының көпсалалы ауруханасында болып, мекеме басшылығымен және ұжымымен кездесті. Сенатор өткен парламенттік сессияның қорытындылары және дәрігерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған заңнамалық бастамалар туралы айтып берді. Кездесуде медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударылды. Сенатор медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Парламент депутаттарының, дәрігерлер қауымы мен азаматтардың заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын Мемлекет басшысы қолдағанын атап өтті.
Сенат депутаты Андрей Лукин iKOMEK 109 – «Астана қаласы әкімдігінің Қалалық мониторинг және әрекет ету орталығында» болды. Онда орталықтың қазіргі қызметімен, цифрлық сервистердің міндетімен, азаматтардың өтініштерін өңдеу, елорданың шұғыл және коммуналдық қызметтерімен өзара іс-қимыл тетігімен танысты. Сенатор сонымен қатар Нұра және Есіл астаналық аудандарының басшылығымен және активімен кездесулер өткізді. Оның барысында аумақтарды дамыту, абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым және халықпен өзара іс-қимылдағы басымдыққа ие мәселелер талқыланды. іKOMEK жүйесі арқылы келіп түскен өтініштерді талдау және аудандық деңгейде шешімдер іздестіруге ерекше назар аударылды.
Айна ХАСАН